«Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру – атқарған жұмыстың нәтижесі

«Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру – атқарған жұмыстың нәтижесі

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру жөнінде кеңес өтті. Жиында Федоров, Ұзынкөл, Сарыкөл, Бейімбет Майлин аудандары мен Лисаков қаласының облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысы басяндамалар жасады.
«Жыл бойы біз жағдайды тұрақты бақылауда ұстадық. Осы мақсатта қосымша бақылау тәжірибесі енгізіліп, шамамен 15 мың ескерту тіркелген фотоальбом қалыптастырылды. Әрбір ескерту бойынша орындалу барысын бақылап, өңірлер ұсынған нәтижелерді «кейінгі» фотосуреттер арқылы қайта тексереміз. Осылайша, өңірлер ескертулердің 78%-ы орындалғанын хабарлады. Алайда біздің қайта тексеруімізден кейін нақты расталғаны 63%-ды ғана құрады. Өңірлерге жұмыс сапарларым барысында фотоальбомдағы деректерді жергілікті жердегі нақты жағдаймен өзім салыстырып тексеріп отырамын», – деді аймақ басшысы.
Осы орайда кәсіпкерлік субъектілерінің атсалысуын да ерекше атап өту керек. Бүгінде кәсіпкерлердің қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға және дамытуға қосқан үлесі 2,7 млрд теңгеден асты.
Нақты жүзеге асырылған жақсы жобалар бар. Атап айтқанда:
- Жітіқара ауданындағы «Жеңіс саябағы» абаттандырылды;
- Рудный қаласындағы BALALAND саябақ аймағы көріктендірілді;
- Лисаков қаласының орталық саябағын абаттандырылды;
- Ұзынкөл ауданының Миролюбов ауылында демалыс саябағы салынды.
Қарабалық ауданында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қолдауымен 36 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 52 ескі үй бұзылды. Арқалық қаласына қарасты Фурманов ауылында спорт алаңы орнатылды.
«Бұл тәжірибені одан әрі жалғастырып, ауқымын кеңейту қажет. Сонымен қатар, абаттандыру саласында заңнамада көзделген тетіктерді пайдалану бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша өз бетінше шаралар қабылдау мүмкіндігі берілді. Бүгінде бұл өкілеттіктер абаттандыру қағидаларының бұзылуына жедел ден қоюға мүмкіндік беріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар Қостанай (1 174), Жітіқара (517), Қамысты (454), Ұзынкөл (395), Денисов, Меңдіқара және Әулиекөл аудандарында белсенді жүргізілуде. Әкімшілік шаралар хаттамалар санын көбейту үшін емес, нақты нәтижеге – анықталған заңбұзушылықтарды жоюға және аумақтарда тәртіп орнатуға бағытталуы маңызды», – деп атап өтті облыс әкімі.
Аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда:
- Фотоальбомдағы анықталған кемшіліктер көрсетілген материалдарды тиісті елді мекен тұрғындарының қолданыстағы WhatsApp топтарында жариялау қажет. Жергілікті жағдайды тұрғындардың өздері жақсы біледі. Сондықтан олар кемшіліктің іс жүзінде жойылғанын немесе мәселенің әлі де бар екенін жедел растай алады. Облыс әкімдігі қызметкерлеріне тұрғындардың кері байланысын тұрақты түрде бақылау. Яғни, жұмыс тек ұсынылған есептер бойынша ғана емес, тұрғындардың нақты пікірлері мен кері байланысы негізінде де бағаланатын болады.
-  Тозығы жеткен, қараусыз қалған және иесіз нысандарға қатысты жұмысты созбалаңға салуға болмайды. Әрине, жекелеген рәсімдер белгілі бір уақытты талап ететіні түсінікті. Мысалы, иесіз мүлік бойынша заңнамада нысанды есепке қойғаннан кейін бір жылдық мерзім көзделген. Алайда бұл мерзім әрекетсіздікке сылтау болмауы тиіс. Ол басталған рәсім аясында пайдаланылуы қажет. Егер нысан иесіз болса, оны уақтылы есепке қою қажет. Белгіленген мерзім өткеннен кейін тиісті материалдар сотқа жолдануы тиіс. Егер нысанның меншік иесі болса, онымен тікелей жұмыс жүргізіп, заңды негіздер болған жағдайда нысанды апатты деп тану және бұзу рәсімдерін бастау қажет. Әрбір нысан бойынша нақты іс-қимыл жоспары мен орындау мерзімі белгіленуі тиіс. Заңда көзделген шараларды уақтылы қабылдамағаны үшін дербес жауапкершілік айқындалуы қажет.
- Қоқысқа, арамшөптерге және ағымдағы абаттандыру жұмыстарына қатысты барлық ескертулерді қысқа мерзімде жою қажет. Қыс түскенге дейін санаулы ғана жылы күндер қалды. Сондықтан барлық қалған жұмысты дәл қазір аяқтау керек. Әйтпесе, жиналмаған қоқыс қар астында қалып, көктемге дейін сол күйінде қалуы мүмкін.
- Жеке тұрғын үйлер бойынша мекенжайлық аралауды қайта жүргізу қажет. Абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері анықталған жағдайда заңда көзделген шараларды қабылдау керек.
- Анықталған кемшіліктерді өз бетінше жоюға объективті түрде мүмкіндігі жоқ әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға қатысты кәсіпкерлер мен волонтерлерді тарта отырып, атаулы көмек көрсету мәселесін пысықтау қажет.
«Тағы бір маңызды бағыт – балалар мен жастарды экологиялық жұмыстарға тарту. «Менің аулам – менің бағым» жобасы аясында биыл облыстағы мектептердің, колледждер мен жоғары оқу орындарының аумақтарында алғашқы 100 жеміс бағын құру жоспарланып отыр», – деді Құмар Ақсақалов.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1323168?lang=kk