Петропавл қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Абай мен Тоқсан би көшелерінің қиылысында мас күйде көлік басқарған жүргізушіні анықтады. Полицейлер оны бірден медициналық куәландыруға жеткізді. Сараптама жүргізушінің алкогольдік мас күйде болғанын растады. Оның 21 жастағы елорда тұрғыны екені анықталды. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Заңнамаға сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы көзделген. Полиция департаменті мас күйде көлік жүргізу айналадағы адамдарға қауіп төндіретінін ескертеді. Мұндай құқық бұзушылық үшін қатаң жауапкершілік қарастырылған. «Заң мен тәртіп» қағидаты баршаға ортақ. Жыл басынан бері облыста мас күйде көлік басқарудың 985 дерегі анықталды. Қарашаның соңғы аптасында ғана полицейлер осындай 13 жүргізушіні жауапқа тартты.
Елорда тұрғыны Петропавлда мас күйде көлік жүргізген
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1323160?lang=kk