Үйде қызмет көрсету — адамның жеке қажеттіліктері мен денсаулық жағдайын ескере отырып, тұрғылықты жері бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну.
Қызметтерді кімдер ала алады?
- 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар: белгілі бір интеллектуалды бұзылыстары, деменциясы бар балалар, сондай-ақ жүріп-тұру және өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндіктерін шектейтін, тірек-қимыл аппаратының айқын бұзылыстары бар мүгедектігі бар балалар.
- Кәмелетке толған азаматтар: интеллектуалды бұзылыстары, деменциясы, белгілі бір психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар, сондай-ақ деменциямен қатар жүретін эпилепсиясы бар адамдар.
- Мүгедектігі бар адамдар: өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын және үйде күтім жасауды қажет ететін, сондай-ақ заңнамада көзделген жағдайларда қажетті көмек пен күтімді қамтамасыз ете алатын еңбекке қабілетті кәмелетке толған отбасы мүшелері жоқ немесе объективті себептерге байланысты тиісті күтім көрсете алмайтын адамдар.
Қандай қызметтер көрсетіледі?
Арнаулы әлеуметтік қызметтер алушының жеке қажеттіліктерін ескере отырып, күндізгі уақытта үйде көрсетіледі. Олардың мақсаты — адамға қажетті қолдау көрсету, дербестігін дамыту және өмір сүру сапасын жақсарту.
Қандай жағдайларда қызметтер көрсетілмейді?
Медициналық қарсы көрсетілімдер болған жағдайда қызметтер көрсетілмейді. Оларға кейбір жұқпалы аурулар, стационарлық емдеуді қажет ететін жағдайлар, сондай-ақ адамның өзіне немесе айналасындағыларға қауіп төндіретін психикалық және мінез-құлық бұзылыстары мен мамандандырылған медициналық көмекті қажет ететін құрысу ұстамалары жатады.
Маңызды! Арнаулы әлеуметтік қызметтерді алу құқығы қызмет алушының санатына, денсаулық жағдайына, өмірлік жағдайына және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес айқындалады.
Негіздеме: Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 230 бұйрығы.