Сәтбаев қаласының автобус паркі жаңа көлікпен толықты. «НұрТрансСат» ЖШС өз қаражаты есебінен 2026 жылы шығарылған, Қазақстанда құрастырылған ПАЗ «Вектор Next» автобусын сатып алды. Жақын арада жаңа автобус №10 бағыты бойынша жолаушылар тасымалдай бастайды, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.
Автобус жолаушылардың жайлы әрі қауіпсіз сапарлауына қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Салонда екі бейнебақылау камерасы орнатылған. Қозғалысы шектеулі азаматтардың қолайлылығы үшін пандус пен мүгедектер арбасына арналған арнайы орын қарастырылған.
Автобустың жалпы сыйымдылығы 46-52 жолаушыны құрайды, оның 19-ы – отыратын орын. Салон ыңғайлы орындықтармен, желдету жүйесімен және ішінара күңгірттелген үлкен терезелермен жабдықталған.
Жаңа автобустың бағытқа шығуы жолаушылар тасымалының жайлылығын арттырып, қала тұрғындарының қатынауына қолайлы әрі қолжетімді жағдай жасауға мүмкіндік береді.