Ақтөбе облысында Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіруге арналған кездесулер өтті

Ақтөбе облысында Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіруге арналған кездесулер өтті

3 қарашада Ақтөбе облысында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері түрлі сала өкілдерімен және қоғам белсенділерімен бірқатар кездесу өткізді.

Кездесулерге Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Гүлқасима Сүйінтаева  мен Сағынғазы Құрманалин, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов, сондай-ақ Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан қатысты.

Өңірде барлығы 8 кездесу ұйымдастырылды. Кездесулер Ақтөбе қаласында, Алға және Хромтау аудандарында өтті. Оларға кәсіпкерлер, оқытушылар мен студенттер, кәсіпорын қызметкерлері, мәдениет, денсаулық сақтау және коммуналдық шаруашылық салаларының өкілдері қатысты.

Кәсіпкерлік: жаңа мүмкіндіктер мен заңнамалық бастамалар

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде шағын және орта бизнесті қолдау, әкімшілік кедергілерді азайту, салық заңнамасын жетілдіру және отандық компаниялардың мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды.

Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу жөніндегі қарастырылып жатқан бастама туралы, сондай-ақ жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жоспарлары жөнінде айтып берді. 

Білім, ғылым және энергетика: болашаққа салынған инвестиция

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде ғылым мен білімді дамыту, білікті кадрлар даярлау, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері негізгі тақырыпқа айналды.

Лаура Қарабасова отандық ғалымдар үшін тұрақты жағдай қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, ол іргелі зерттеулерді гранттық қаржыландыру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұзарту жөнінде жолдаған депутаттық сауалы туралы айтты.

Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, саланы жаңғырту және жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін білікті мамандар даярлау міндеттерін атап өтті. Сағынғазы Құрманалин сапалы білімнің, азаматтық белсенділіктің және жастардың ел дамуына қатысуының маңызын жеткізді.

Экология мен мәдениет: өмір сапасына ортақ жауапкершілік

Облыстық халық шығармашылығы орталығында мәдениет саласының өкілдерімен өткен кездесуде экологиялық күн тәртібі, елді мекендерді абаттандыру және ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері талқыланды.

Ерболат Қожықов «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрақты әрі жүйелі жұмысты талап ететінін атап өтті. Оның ішінде елді мекендерді көгалдандыру, заңсыз қоқыс орындарын жою, қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу жүйесін дамыту мәселелеріне назар аударылды. Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы кәріз-тазарту құрылыстары мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын жаңғырту мәселелерін қозғады.

Ал Гүлқасима Сүйінтаева мәдениет қызметкерлерінің ұлттық өнер мен дәстүрді сақтаудағы, патриоттық тәрбие берудегі және жас ұрпақтың рухани құндылықтарын қалыптастырудағы айрықша рөлін атап өтті.

Өңірлерді дамыту – нақты жобалар арқылы

«Айс» ЖШС еңбек ұжымымен өткен кездесу отандық өндірісті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне арналды. Гүлқасима Сүйінтаева  агроөнеркәсіптік кешенді технологиялық жаңарту, заманауи ауыл шаруашылығы техникасын өндіру және жолдарды, медициналық, спорттық және мәдени нысандарды салу мен жөндеуді көздейтін «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыру міндеттері туралы айтты.

Ерболат Қожықов коммуналдық және экологиялық инфрақұрылымды жаңарту қажеттігіне назар аударды. Кездесу барысында кәсіпорынның өз тәжірибесі де сөз болды. «Айс» ЖШС-нің Мәртөк ауданындағы тауарлы сүт фермасынан күн сайын 70 тоннаға дейін сүт қабылданып, кәсіпорын өнімдері Қазақстанның түрлі өңірлеріне жеткізіледі.

Ашық диалог және кері байланыс

Алға және Хромтау аудандарында медицина қызметкерлерімен, коммуналдық сала өкілдерімен және қоғам белсенділерімен кездесулер өтті. Қатысушылар спикерлерге тікелей сұрақ қойып, өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, аумақтарды дамытуға қатысты ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік алды.

Мұндай кездесулердің басты құндылығы – Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерді түсіндірумен қатар, түрлі салада еңбек етіп жүрген, өз ұжымдары мен өңірлерінің қажеттіліктерін жақсы білетін азаматтардың пікірін тыңдау.

Ашық диалог пен бірлескен жұмыс Жолдауда белгіленген бастамаларды нақты шешімдерге айналдырып, Ақтөбе облысын дамытуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1323090?lang=kk