Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Ақжар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы, тұрғындарды толғандырған мәселелер және алдағы міндеттер талқыланды.
Аудан әкімі биылғы жылы аудандағы жалпы өңірлік өнім, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда және инвестиция салаларындағы көрсеткіштерге тоқталып, аталған бағыттарда оң нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті.
Сонымен қатар, аудан бойынша 3 елді мекенді ауыз сумен, 3 елді мекенді электрмен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп, 3 елді мекен табиғи газға қосылып, денсаулық сақтау, білім беру және ветеринария салаларында да бірқатар маңызды жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады. Ақжар ауылдық округінде де ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.
Биылғы жылы Ақжар елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы жүргізіліп, нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.Сонымен қатар, Р-1 магистралінен бірқатар елді мекенге су құбырын тарту бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Ақжар елді мекеніндегі «Келес» көшесінде дәрігерлік амбулатория, «Батырхан ата» көшесінде кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшалары пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 18 көшеге жарық шамдары орнатылып, ауылдың кіреберіс аркасы мен ақпараттық төлқұжаты жөнделді. Ханым, Р-15, Р-10 және Р-17 қашыртқыларында механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, әлеуметтік қолдау шаралары аясында мұқтаж отбасыларға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.
Жиын соңында ауыл тұрғындары жер мәселесі, әлеуметтік нысандар салу және өзге де жеке мәселелер бойынша өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді. Аудан әкімі көтерілген мәселелердің әрқайсысына жеке тоқталып, олардың шешу жолдарын түсіндіріп, заңнама аясында жауап берді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі