Түркістан облысының Кентау қаласында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бейнебақылау камералары арқылы тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Қоғамдық орындарды бақылау барысында полицейлер ұсақ бұзақылықтың 500-ге жуық дерегін анықтаған. Барлық анықталған құқық бұзушылық бойынша заң талаптарына сәйкес әкімшілік шаралар қабылданған.
Мәселен бейнебақылау камералары арқылы қалалық даңғылдардың бірінде темекі тұқылын көшеге тастау дерегі тіркелген. Осыған ұқсас тағы бір құқық бұзушылық қалалық базарлардың бірінің маңында анықталған. Онда азаматтар қоғамдық аумақты ластаған.
Тәртіп бұзғандарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Полиция қоғамдық орындарда тәртіп пен тазалықты сақтау – әрбір азаматтың міндеті екенін еске салады. Тұрғындарды қоғамдық тәртіп ережелерін сақтауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға және құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.