Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды

Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды

Исламабад, 2026 жылғы 3 қараша – Бүгін Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркін Тұқымов Пәкістан Сыртқы істер министрлігінің Протокол қызметінің басшысы Науман Башир Бхаттиге сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды.

Кездесу барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, сондай-ақ ағымдағы және келесі жылдарға жоспарланған жоғары және аса жоғары деңгейдегі сапарларды, оның ішінде ШЫҰ саммитін және Пәкістан Премьер-министрі Мұхаммад Шахбаз Шарифтің Қазақстанға жоспарланған сапарын талқылады.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Елшісі Н.Б.Бхаттиді Пәкістан СІМ Протокол қызметінің басшысы лауазымына тағайындалуымен құттықтады. Айта кетейік, бұған дейін Н.Б.Бхатти Пәкістанның Қазақстандағы Елшісі қызметін атқарған.

Өз кезегінде Н.Б.Бхатти Қазақстанда қызмет атқарған кезеңін жылы ықыласпен еске алып, Астана мен Исламабад арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға жан-жақты жәрдем көрсетуге дайын екенін білдірді.

Әңгімелесу барысында 2027 жылы атап өтілетін Қазақстан мен Пәкістан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуына ерекше назар аударылды. Осы орайда тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың сапалы жаңа деңгейге көтерілуіне үміт білдірді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1323071?lang=kk