Өңірдің білім беру ұйымдарында балалар мен жасөспірімдер арасында профилактикалық жұмыстар күшейтілуде. Барлық мектептер мен колледждерде бірыңғай «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның негізгі бағыттарының бірі - құқықтық мәдениетті қалыптастыру және «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету.
Бірқатар көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Соңғы екі жылда кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған құқық бұзушылықтар саны 41%-ға, қылмыстық жауапкершілікке тартылған жасөспірімдер саны 10%-ға азайған.
Профилактикалық жұмыстар аясында 47 мыңнан астам кәмелетке толмаған балаға ерекше назар аударылады. 628 оқушыға, оның ішінде 469 мектеп оқушысы мен 159 колледж студентіне жеке педагогикалық қолдау көрсетіледі.
Балалардың психологиялық саулығына да ерекше көңіл бөлінуде. Білім беру ұйымдарында және өңірлік психологиялық қолдау орталығы базасында жеке сүйемелдеу жоспарына сәйкес 50 кәмелетке толмаған балаға қажетті көмек көрсетілуде. Тәулік бойы жұмыс істейтін «2808» өңірлік сенім телефонына 543 қоңырау, ал республикалық «111» нөміріне 284 өтініш түсті.
Өңір басшысы психологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасына жеке тоқталды. Атап айтқанда, барлық білім беру ұйымдарын мектеп инспекторларымен толық қамтамасыз ету, сенім телефондары жұмысының тұрақты бақылауда болуы, мамандардың көмек сұраған азаматтарға қаншалықты сапалы кеңес беретіні, сондай-ақ балалардың қолдау алу үшін қайда жүгіну керектігін білуі мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Адал ұрпақ» жобалық кеңсесімен бірлесіп, облыста бес жоба іске қосылды. «Заң Trend pvl» жобасы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған. «Eco-Qadam» экологиялық құндылықтар мен салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруды көздейді. «Тәрбие ошағы» отбасылық құндылықтарды нығайтуға, «Профи Stars» мектеп оқушыларына мамандықты ерте таңдауға көмектесуге, ал «Ұрпақ жарығы» мейірімділік пен өзара көмек көрсетуге тәрбиелеуге бағытталған. Жобалардың қорытындысы 2027 жылғы тамызда шығарылады. Үздік тәжірибелерді республикалық деңгейде кеңінен тарату ұсынылады.
Облыстық прокуратурамен бірлесіп, мектептерде тәлімгерлік жұмысы ұйымдастырылды. Білім беру ұйымдарына құқық қорғау органдарының 24 ардагері бекітілді. Алғашқы алты айдың қорытындысы бойынша бұл мектептерде кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық тіркелген жоқ.
«Айқын нәтиже» және «Саналы ұрпақ» жобалары аясында отбасындағы қолайсыз жағдайларды ерте анықтау және атаулы көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 5,5 мыңнан астам рейдтік іс-шара өткізілді. Отбасында қолайсыз жағдайға тап болған 147 бала өңірлік балаларды қолдау орталығына жіберілді. 500-ден астам бала психологиялық, 371 бала құқықтық көмек алды. 120-дан астам отбасына әлеуметтік қолдау көрсетілді.
Талқылау қорытындысы бойынша облыс әкімі білім беру басқармасына бала құқықтарын қорғау басқармасымен бірлесіп, тәуекел тобындағы кәмелетке толмағандарды ерте анықтау жұмыстарын күшейтуді және әрбір келіп түскен дабылға жедел ден қоюды тапсырды. Полиция департаментіне балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу бойынша қосымша шаралар қабылдау міндеттелді.
Жиналыс барысында қаралған екінші мәселе - мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу болды. 2022-2025 жылдар аралығында мемлекетке пайдаланылмай жатқан 940,6 мың га жер қайтарылды. Оның 930,8 мың гектары немесе 98,9%-ы ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді. Тағы 188,9 мың га жер ауыл тұрғындарының қажеттілігіне, негізінен жайылым ретінде қайта бөлінді. Ал 7,3 мың га жер Екібастұз қаласында инвестициялық жобаларды іске асыру үшін резервке алынды.
Биыл 70 мың га жерді қайтару жоспарланғанымен, нақты көрсеткіш 82,8 мың гектарды немесе жоспардың 118%-ын құрады.
- Мемлекетке қайтарылған жер пайдаланылуы керек. Ең алдымен, ауыл тұрғындарын жайылыммен қамтамасыз ету қажет. Жер ресурстары пайдаланылмай жатқан кезде адамдардың жайылым тапшылығын сезінуіне жол беруге болмайды. Жер бөлу кезінде жұмыс істеуге, өндірісті дамытуға және жұмыс орындарын ашуға дайын азаматтарға басымдық берілуі тиіс, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Жаңа жылдан бастап жер учаскелерін беру конкурстарын электрондық форматқа көшіру жоспарлануда. Жерді бөлу кезінде өзекті топырақ карталары, жерді бонитеттеу материалдары мен геоботаникалық зерттеулердің нәтижелері ескерілетін болады.
Облыс әкімі 2027 жылға арналған бюджетте жер учаскелерін паспорттауға қаражат қарастыруды және нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Басым міндеттердің қатарында ауыл шаруашылығы жерлерінің адал жер пайдаланушылар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету, жайылым тапшылығын жою, жер беру рәсімдерін цифрландыру және топырақ құнарын сақтау бар.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев