Бүгін Алматы облысының әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазанда жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау бағытында кездесу өтті.
Басқосуға ҚР Қаржы министрінің орынбасары Әсет Тұрысов, Қазақстан Республикасы Құрылтайының І шақырылымының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ләззат Жылқыбаева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері, танымал журналист, Қазақстан Журналистер академиясының академигі Нұртөре Жүсіп, сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер мен қоғамдық ұйым мүшелері және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев Президенттің кезекті Жолдауында еліміздің алдағы уақытта даму бағытын айқындайтын стратегиялық міндеттердің белгіленгенін атап өтті.
Кездесуде сөз алған Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева Президент Жолдауында айтылған әлеуметтік салаға қолдау көрсету бойынша бастамаларды сөз етті. Халық қалаулысы бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін өңір жұртшылының үніне құлақ түріп, жергілікті қауымдастық мүшелерінің ұсынысына ұдайы назар салатынын айтты.
«Президент Жолдауында ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру бастамасы көтерілді. Бұл – халықтың табысын көбейтуге және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға, мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға ерекше мән берілген. Бұл шаралар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді», – деді Ләззат Жылқыбаева.
Мемлекет басшысының кезекті Жолдауындағы құндылықтар жайлы ой толғаған ҚР Халық кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп стратегиялық құжаттың ел болашағы үшін маңызына тоқталды.
«Президент Жолдауының еліміз үшін аса зор стратегиялық маңызы бар. Жолдаудағы басым бағыттардың бірі – өңірлерді дамыту. Алматы облысы ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, транзиттік әлеуеті жағынан зор мүмкіндіктерге ие. Сонымен қоса әлемдік жоба саналатын Алатау қаласы да Алматы облысында ірге тепкен. Онда жүзеге асатын бастамалардың барлығы аймақ әлеуетіне оң серпін береді. Қысқасы, бұл Жолдау еліміздің қай бағытта дамуы қажеттігін белгілеп берді», – деді Нұртөре Байтілесұлы.
Президент Жолдауындағы басым бағыттардың бірі – инфрақұрылымды жаңғырту, орта және шағын бизнеске қолдау көрсету. Жиында бұл жайында да кеңінен сөз қозғалды. ҚР қаржы министрінің орынбасары Әсет Тұрысов Ұлттық қордан бөлінген қаржы әлеуметтік салаларға бағытталатынын жеткізді.
«Ұлттық қордан бөлінетін 1,5 триллион теңгеге замануи емханалар мен мектептер мен өзге де әлеуметтік нысандар салынады. Бұл қаржы ел азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды», – деді өз сөзінде вице-министр.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев білім беру саласында 2025 жылы 14 250 оқушы орнына арналған 18 мектеп пайдалануға берілсе, биыл оқу жылы қарсаңында 4 200 орынға шақталған бес жаңа білім ошағы ашылғанын, одан бөлек 10 мектеп күрделі жөндеуден өткенін атап өтті.
– Денсаулық сақтау саласында 2025 жылы 43 нысан пайдалануға берілді, оның 37-сі ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасы аясында салынды. Сонымен қатар, 5 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 2 денсаулық сақтау нысаны ашылды, – деді.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, арнайы келген спикерлермен ашық пікір алмасты. Жиында көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстар айтылып, өзекті сұрақтарға жауап берілді.
Сондай-ақ бүгін жұмыс тобының мүшелері Алматы облысының бірнеше аудандарында тұрғындармен кездесулер өткізді.
Атап айтқанда, Құрылтай депутаттары Ләззат Жылқыбаева, Арман Жансенгіров, Жанарбек Әшімжанов және Мейраш Шынасылова, Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері Нұртөре Жүсіп, Нұрсұлтан Орынбасаров, сондай-ақ ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов, Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев өңірдегі білім беру ұйымдарына, мектептер мен жастар орталықтарына барып, жергілікті тұрғындармен және жастармен кездесті.