Президент Жолдауында елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту және инфрақұрылымды жаңғырту мәселесіне басымдық берілді. Осы бағыттағы жоспарлар Исатай ауданы тұрғындарымен өткен кездесуде талқыланды.
Жиында ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров Атырау облысының энергетикалық инфрақұрылымына қатысты мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, соңғы 15 жылда Атырау қаласының аумағы 70 пайызға кеңейген. Алайда қаланың өсу қарқынына сай энергетикалық инфрақұрылымды дамыту қажеттілігі туындап отыр.
– Президент Жолдауында бұл мәселеге ерекше назар аударылды. Келесі жылы электр энергиясы бойынша профицитке шығуды жоспарлап отырмыз. Бұл өңірдің электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жол ашады. Сонымен қатар күн тәртібіндегі маңызды міндеттердің бірі – сұйытылған мұнай газының тапшылығын жою. Қазір елде 146 мың тонна көлемінде тапшылық бар. Келесі жылы бұл қажеттілікті отандық өндіріс есебінен толық өтеу көзделіп отыр, – деді Ерлан Ақбаров.
Кездесуде жаңартылатын энергия көздерін дамыту жоспары да сөз болды. Алдағы уақытта елдің энергетикалық теңгеріміндегі олардың үлесін кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Атап айтқанда, 2030 жылға қарай электр энергиясын өндірудегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайызға, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу жоспарланған.
Сонымен қатар вице-министр Атырау облысының мұнай-газ саласындағы әлеуетіне тоқталды. Өңір еліміздің мұнай қорының едәуір бөлігі шоғырланған аймақ болғандықтан, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту және өндірістік әлеуетті тиімді пайдалану маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.