Найроби, 2026 жылғы 2 қараша – Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Елшілігінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Бас хатшысы қызметіне Әзербайжан Республикасының өкілі, Әзербайжанның Кениядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Әзербайжанның Найробидегі БҰҰ кеңсесі жанындағы Тұрақты өкілі Сұлтан Хаджиев мырзаның тағайындалуына орай салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және Найробидегі БҰҰ кеңсесінің Бас директоры Зайнаб Хава Бангура ханым, БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы (ЮНЕП) мен БҰҰ-ның Адам мекендері жөніндегі бағдарламасының (БҰҰ-Хабитат) басшылығы, сондай-ақ Найробидегі дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Найробидегі БҰҰ кеңсесі жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов АӨСШК-нің Азиядағы сенім шараларын нығайтуға бағытталған халықаралық форум ретіндегі айрықша маңызын атап өтті. Аталған бастаманы Қазақстан 1992 жылғы қазанда ұсынған болатын. Бүгінде АӨСШК 29 қатысушы мемлекетті біріктіріп, өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша ашық әрі инклюзивті диалог жүргізуге арналған алаң болып табылатыны, сондай-ақ шешімдердің консенсус негізінде қабылданатыны атап өтілді.
Өз сөзінде Зайнаб Хава Бангура ханым АӨСШК-нің сенімді нығайту, диалогты дамыту және өңірлік ынтымақтастыққа жәрдемдесудегі маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ ол Сұлтан Хаджиев мырзаның халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесін жоғары бағалап, оның АӨСШК Бас хатшысы қызметіндегі жұмысына табыс тіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан халқына Жолдауында атап өткен жетекші әлемдік державалар арасындағы өзара сенім дағдарысының тереңдеуі жағдайында Елші орта державалардың, сондай-ақ өңірлік ұйымдар мен форумдардың, соның ішінде АӨСШК-нің әлемдік аренадағы рөлінің артып келе жатқанына назар аударды. Халықаралық қатынастар жүйесіндегі БҰҰ-ның орталық рөлін нығайтудың, халықаралық құқық қағидаттарын сақтаудың және көпжақты дипломатияның тиімділігін арттырудың маңыздылығы атап өтілді.
Сұлтан Хаджиев мырзаның дипломатиялық мол тәжірибесін, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін, сондай-ақ БҰҰ жүйесіндегі қызметін атап өтіп, Елші Б. Садықов оған АӨСШК-нің жаңа Бас хатшысы қызметінде табыс тіледі. Сонымен қатар, ол АӨСШК-нің халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешудегі рөлі мен беделі одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.