2026 жылғы 3 қараша күні Мақтаарал ауданындағы №14 колледжде рухани құндылықтарды дәріптеу, ұлттық дәстүр мен діни танымды сабақтастыру, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту мақсатында «Рухани керуен» жобасы аясында тағылымды кездесу ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара Түркістан облысының Дін істері басқармасының тапсырысы негізінде өткізілді. Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамда рухани-адамгершілік құндылықтарды кеңінен насихаттау, ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтау, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік, ізгілік, имандылық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру.
Тағылымды басқосуды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А. Тұрсынханов ашып, қатысушыларды кездесудің мақсат-міндеттерімен таныстырды. Сонымен қатар, арнайы шақырылған қонақтарды таныстырып, олардың рухани құндылықтарды насихаттау және қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту бағытындағы еңбектеріне тоқталды.
Іс-шараға №14 колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Кездесудің арнайы қонақтары қатарында белгілі айтыскер ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Біржан Байтуов, Қызылорда облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының қызметкері, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Бақтияр Оспанов және жайдарманшы, актер Жанболат Досболов болды.
Басқосу барысында ұлттық тәрбие, рухани құндылықтар, дәстүрлі діннің қоғамдағы орны, жастар тәрбиесі, отансүйгіштік пен адамгершілік мәселелері кеңінен қозғалды. Қонақтар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға тағылымды ой-пікірлерін жеткізді. Сондай-ақ, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, еркін форматта пікір алмасты.
Айта кетейік, мұндай мазмұнды кездесулер жастардың рухани дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға, имандылық пен адамгершілікті бойына сіңіруге және қоғамдағы өзара сыйластық пен татулықты нығайтуға ықпал етеді.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі