ҚАЗАҚСТАНДА ДӘРІЛІК ПРЕПАРАТТАРДЫ ТІРКЕУ МЕРЗІМІ 2 ЖЫЛДАН 15 ЖҰМЫС КҮНІНЕ ДЕЙІН ҚЫСҚАРДЫ

ҚАЗАҚСТАНДА ДӘРІЛІК ПРЕПАРАТТАРДЫ ТІРКЕУ МЕРЗІМІ 2 ЖЫЛДАН 15 ЖҰМЫС КҮНІНЕ ДЕЙІН ҚЫСҚАРДЫ

2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстанда дәрілік заттарға 1 048 тіркеу куәлігі берілді. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың толық қорытындысынан жоғары.

Қазақстанда сапаны бақылаудың жоғары стандарттары бар елдерден жеткізілетін дәрілік заттарды жеделдетілген тәртіппен тіркеу тетігі енгізілді. Енді препараттарды тіркеу мерзімі 2 жылдан 15 жұмыс күніне дейін қысқарды.

Жаңашыл үрдіс пациенттердің заманауи және инновациялық дәрілік препараттарға қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді.

Бүгінгі таңда аталған рәсім аясында АҚШ, Германия, Франция, Дания, Ұлыбритания және Корея Республикасында өндірілген 16 дәрілік зат пен медициналық бұйым тіркелді.

Жеделдетілген тіркеу тетігін енгізу ұлттық фармация жүйесін реттеп жетілдірудің маңызды бағыттарының біріне айналды. Бұл жұмыста ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті негізгі рөл атқарады. Комитеттің қызметі тіркеу рәсімдерінің тиімділігін арттыруға, реттеу тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ препараттарды нарыққа жедел шығару мен олардың сапасына, қауіпсіздігіне және тиімділігіне қойылатын талаптардың сақталуында тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.

2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша тіркелген әрбір төртінші дәрілік зат отандық өндірушілердің үлесіне тиесілі.

Тіркелген дәрілік заттардың саны бойынша Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында жетекші орындардың бірін иеленеді.

«Біз заманауи дәрілік препараттардың қазақстандық нарыққа неғұрлым жылдам шығуы үшін жағдай жасап жатырмыз. Бұл ретте препараттардың сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар біздің басты басымдығымыз болып қала береді. Азаматтар үшін бұл, ең алдымен, емдеудің жаңа әдістеріне қол жеткізу мүмкіндігі», – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрі А.Әлназарова.

Заңнамаға енгізілген өзгерістер аясында тіркеу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік беретін «бір терезе» қағидаты да енгізілді. Жаңа тетік арқылы бүгінгі күнге дейін 600-ден астам қызмет көрсетілді.

«Дәрілік препараттарды тіркеу мерзімінің екі жылдан 15 жұмыс күніне дейін қысқаруы ұлттық фармацевтикалық реттеу жүйесін жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың маңызды нәтижесі болып табылады. Фармация комитеті әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру, цифрлық шешімдерді енгізу және дәрілік заттарға сараптама жүргізудің заманауи тәсілдерін дамыту жұмыстарын жалғастыруда. Біздің міндетіміз – дәрілік препараттардың сапасына, қауіпсіздігіне және тиімділігіне қойылатын жоғары талаптарды сақтай отырып, халықтың заманауи және инновациялық препараттарға уақтылы қол жеткізуін қамтамасыз ету. Қабылданып жатқан барлық шаралар дәрілік қамтамасыз етудің қолжетімділігін арттыруға және ұлттық реттеу жүйесіне деген сенімді нығайтуға бағытталған», – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов.

Фармация комитеті мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібін жетілдіру, тіркеу процестерінің ашықтығын арттыру және фармацевтикалық нарыққа қатысушылармен өзара іс-қимылды оңтайландыру бағытында жұмыс жүргізуде. «Бір терезе» қағидатын енгізу әкімшілік жүктемені азайтуға, құжаттарды тапсыру мен қарау рәсімдерін жеңілдетуге, сондай-ақ қызмет көрсету жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өндірушінің өтінімін күтпей-ақ, мемлекет бастамасымен өмірлік маңызы бар дәрілік заттарды тіркеу мүмкіндігі қарастырылған.

Бүгінде елімізде дәрілік заттардың 7 275 атауы тіркелген.

Сонымен қатар тіркеу құжаттарын талдау және сараптама тиімділігін арттыру мақсатында жасанды интеллектіні қоса алғанда, цифрлық технологиялар енгізілуде.

Препараттардың сапасын мемлекеттік бақылауға және жағымсыз реакцияларды бақылау жүйесін дамытуға ерекше назар аударылады.

Бұл бағытта Фармация комитеті дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін мемлекеттік бақылау тетіктерін, сондай-ақ фармакологиялық қадағалау жүйесін жүйелі түрде жетілдіруде. Бұл ықтимал тәуекелдерді уақтылы анықтауға, жағымсыз реакцияларды бақылауға және халықтың денсаулығын қорғау мақсатында қажетті реттеушілік шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.

Халықаралық деңгейдегі маңызды жетістік – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұлттық реттеуші жүйенің жетілу деңгейінің үшінші деңгейге сәйкестігін растауы болды. Қазақстан ТМД елдері арасында бұл деңгейге алғаш болып қол жеткізді.

Келесі кезеңде зертханалық инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде Астана қаласында вакциналарды сынауға және олардың сапасы мен қауіпсіздігін тәуелсіз бағалауға арналған заманауи кешен салу көзделіп отыр.

Қабылданып жатқан шаралар дәрілік заттардың сапасына қойылатын жоғары талаптарды сақтай отырып, халықтың заманауи дәрілік препараттарға қолжетімділігін кеңейтуге бағытталғанын атап өткен жөн.

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/org/dsm/press/news/details/1322548?lang=kk

 

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/kfmz/press/news/details/1322911?lang=kk