29 қазанда Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлер күніне орай «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесінің өңірлік кезеңі және аймақтың үздік бизнес өкілдерін марапаттау рәсімі өтті. Қарағанды облысының әкімдігі мен Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған бұл шарада өңірдің 80-нен астам өндіріс орны өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Аталған байқауда Шет ауданы, С. Сейфуллин атындағы кенттің тумасы Жанар Қантарбаева басқаратын «Сыр өнімдері» жеке кәсіпкерлігі жоғары нәтиже көрсетіп, «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Кәсіпорын жеңімпазына салтанатты марапатты «Қазақстанның сүт одағы» заңды тұлғалар бірлестігі директорының орынбасары Сәуле Жанкина тапсырды.
2022 жылы негізі қаланған «Сыр өнімдері» кәсіпорыны бүгінгі таңда тәулігіне бір тоннаға дейін сүт өңдеп, «Ауыл дәмі» сауда белгісімен сары май, сүзбе және ірімшіктің 10-нан астам түрін өндіруде. Бұған дейін даму қарқынын дәлелдеген кәсіпкер 2025 жылы «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бренд-комитетінің финалисі атанып, облыс әкімінің грантына ие болған еді.
"Сыр өнімдері" ЖК - "Қазақстанның үздік тауары" өңірлік конкурс-көрмесінің жеңімпазы атанды
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-shet/press/news/details/1322833?lang=kk