Бүгін Бас прокуратурада Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартқа қол қою рәсімі өтті.
Құжатқа Қазақстанның Бас Прокуроры Берік Асылов пен Үндістанның Қазақстандағы Елшісі Силас Тангал қол қойды.
Аталған Шарт, Тараптардың құқық қорғау органдары қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе сот үкімін орындау мақсатында іздестіріп жүрген адамдарды ұстап беру үшін құқықтық негізді реттейді және ол жасалған қылмыс үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етеді.
Осы халықаралық құжат Қазақстан мен Үндістан арасындағы қылмыстық іс жүргізу саласындағы шарттық-құқықтық базаның қалыптасуын аяқтайды, өйткені екі ел арасында қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек және сотталған адамдарды беру туралы келісімдер бұрын қолданысқа енгізілген.
Қадағалау органы басшысының айтуынша, Шарт Тараптар арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттардың жүйелі дамуын ескере отырып, ерекше маңызға ие құжат.
Қазақстанда фармацевтика, тау-кен, медицина және тамақ өнеркәсібі салаларында 600-ден астам үнді компаниясы жұмыс істеп келеді.
Елімізде білім алып жатқан шетелдік студенттердің арасында Үндістан 1-ші орынды алады. Тек 2025-2026 оқу жылында 10 мыңға жуық үндістандық студент Қазақстанда білім алды.
Сондай-ақ, соңғы жылдары туризм саласын қоса алғанда, екі ел азаматтарының өзара сапарлар жасауының артуы байқалады.
Мемлекетаралық байланыс пен азаматтардың мобильділігінің артуы экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуды ғана емес, сонымен бірге қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттердің күш-жігерін біріктіруді де талап етеді.
Халықаралық ынтымақтастықты күшейту жөніндегі жұмыс бұрынғыдай Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының қызметінің басым бағыты болып табылады.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі