Қоршаған ортаны қорғау – мемлекет пен қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Экологиялық талаптарды сақтау – әрбір азаматтың, жеке кәсіпкердің және заңды тұлғаның міндеті.
Қазақстан Республикасында экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген.
Экология саласындағы ең көп таралған құқық бұзушылықтарға мыналар жатады:
* қалдықтарды белгіленбеген орындарға орналастыру және стихиялық қоқыс үйінділерін қалыптастыру;
* қалдықтарды жинау, жинақтау, тасымалдау және кәдеге жарату талаптарын бұзу;
* ластаушы заттардың шығарындылары бойынша белгіленген нормативтерден асып кету;
* қажетті экологиялық рұқсатсыз қызметті жүзеге асыру;
* өндірістік объектілерді пайдалану кезінде белгіленген экологиялық талаптарды сақтамау.
Аталған құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін әкімшілік айыппұлдар көзделген. Айыппұл мөлшері құқық бұзушылықтың сипатына және кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты белгіленеді.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабына сәйкес, қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жазалар қарастырылған. Атап айтқанда, қалдықтарды арнайы белгіленген орындардан тыс жерлерге жинақтағаны үшін жеке тұлғаларға 50 АЕК, лауазымды тұлғаларға және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабына сәйкес, қоршаған ортаға антропогендік әсер етудің белгіленген нормативтерінен асып кету, сондай-ақ міндетті экологиялық рұқсатсыз эмиссияларды жүзеге асыру әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Әкімшілік жауапкершілікке тарту кінәлі тұлғаны қоршаған ортаға келтірілген экологиялық залалды өтеу міндетінен босатпайтынын атап өткен жөн. «Ластаушы төлейді» қағидатына сәйкес, экологиялық залал келтірген тұлға оны өз қаражаты есебінен жоюға міндетті.
Экология департаменті азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерін қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға, экологиялық заңнама талаптарын сақтауға және экологиялық құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.
Таза қоршаған орта – баршамызға ортақ жауапкершілік!