Алматы қаласында өткен комбат дзю-дзюцудан Қазақстан Республикасы қауымдастығының кубогі мен ересектер арасындағы ел чемпионатында Ұлытау облысының спортшылары жеті жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.
Жарыстарға өңір намысын қорғаған KOKZHAL TEAM командасының 14 спортшысы жаттықтырушы Ерназар Имамбековтің жетекшілігімен қатысты.
Қазақстан Республикасы қауымдастығының кубогінде Айқын Мұратов 60 келі салмақ дәрежесінде І орын иеленді. Ал Мұхаммед Әбдірахман 65 келіде күміс жүлдегер атанды.
Сондай-ақ Сырым Бауыржанов (70 келі), Сырым Серікбай (50 келі), Хантөре Камал (35 келі) және Мұхаммед Қахарман (30 келі) өз салмақ дәрежелерінде ІІІ орынға ие болды.
Ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында Азат Равиль 63 келі салмақ дәрежесінде қола жүлде жеңіп алды.
Осылайша, Ұлытау облысының спортшылары екі жарыстың қорытындысы бойынша бір алтын, бір күміс және бес қола медаль иеленді.