Оңалту, спорт және креативті индустрия: Бейбіт Исабаев Талдықорғанда салынып жатқан нысандарды аралады

Оңалту, спорт және креативті индустрия:  Бейбіт Исабаев Талдықорғанда салынып жатқан нысандарды аралады

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қаласында жаңадан салынып және күрделі жөнделіп жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты. Олардың қатарында денсаулық сақтау, оңалту, креативті индустрия және спорт салаларының объектілері бар, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен өңір басшысы «Қаратал» шағын ауданында салынып жатқан оңалту орталығының құрылыс алаңында болды. Мұнда ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған 150 орынды оңалту орталығы бой көтеруде.

Мердігер ұйым өкілінің айтуынша, құрылыс жұмыстары өткен жылдың қарашасында басталған, келесі жылы наурызда аяқтау жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарына 100-ге жуық адам тартылса, соның 25-і - жергілікті тұрғындар. Сол сияқты 9 техника жұмылдырылған. Жалпы, ғимараттың дайындық деңгейі 56%. Бұл ретте облыс әкімі мердігер ұйым басшылығына құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аудару керектігін ескертті. Сондай-ақ қала әкіміне нысанға келетін жол төсеу жұмыстарын қолға алуды тапсырды.

Облыстық көпсалалы балалар ауруханасында да қалпына келтіру, сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысанда А, Б блоктарын левкастау, есіктерін салу жұмыстары жүріп жатыр, сонымен қатар абаттандыру ісі басталған. Дегенмен жұмыс кестесінен кешеуілдеу бар. Осыған байланысты өңір басшысы құрылыс қарқынын күшейту қажеттігі жайлы мердігер ұйымға қатаң ескерту жасады.

Мұнан соң Бейбіт Исабаев мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенінің құрылыс алаңына барды. Атап өтсек, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен салынып жатқан 2 қабатты нысан 150 орынға арналған. Белгілі болғандай, қазір мұнда 43 жұмысшы, 13 техника жұмыс істеуде. Құрылыс жұмыстары осы жылдың мамыр айында басталған. Қазір ғимараттың қабырғалары қаланып, электрика, сантехника жұмыстары жүргізіліп жатыр. Еске салсақ,  инклюзивті спорт кешені жобасында әмбебап спорт залы, мамандандырылған жаттығу алаңдары, күрес және күштік дайындық залдары, оқ ату тирі, садақ ату алаңы, медициналық блок, сондай-ақ жаттығулар, жарыстар мен оңалту іс-шараларын өткізуге қажетті инфрақұрылым қарастырылады. 

Бұл ретте Бейбіт Исабаев мұндай ауқымды аумақта күні ертең көк желекті арнайы суару жүйесінсіз күтіп-баптау қиынға түсетіндіктен, облыстық құрылыс басқармасы басшылығына кешен аумағына автоматты суару жүйесін орнатуды қарастыруды тапсырды.

Осы күні өңір басшысы Көркемөнер галереясы ғимаратының креативті орталық ретінде қайта жаңғыртылуының барысымен танысты.

Жоба «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен қолға алынған. Жобаны әзірлеуші - «Youthart» қоғамдық қоры. Қор өкілдерінің айтуынша, бұл орталық қаладағы шығармашылыққа, білім беруге, жаңа ІТ технологияны дамытуға арналған креативті индустрия кеңістігі болмақ.

- Орталыққа ең соңғы үлгідегі компьютерлер сатып алынады, AI креатив саласындағы жұмысты жандандыру үшін арнайы сервер қойылады, яғни орталыққа келушілер өз жобаларын 3D генерациялауды, оларды жүзеге асыруды үйренеді. Бұл орталық қолөнершілер, бизнес өкілдері, жалпы жас стартаперге арналған. Ал көркемөнер галереясы үшінші қабатта өз жұмысын жалғастырады, - деді қор өкілі Мариам Оганян.

Ғимараттың ішін аралап көрген Бейбіт Исабаев мұндай креативті орталық өңір үшін өте керекті нысан екенін атап өтіп, жобаны заман талабына сай, сапалы жүзеге асыру қажеттігін айтты.

Жалпы, облыс орталығындағы аталған әлеуметтік сала нысандары құрылысының сапалы жүргізілуі мен мерзімінде аяқталуын бақылау тиісті жауапты мекемелерге қатаң тапсырылды.   

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan;zhetysu-oblysy;zhetysu-healthcare;zhetysu-pcsport;zhetysu-social-employment;zhetysu-stroi;zhetysu-archive;zhetysu-gask/press/news/details/1322367?lang=kk