Алматыда II Тянь-Шань форумы өтіп жатыр

Алматыда II Тянь-Шань форумы өтіп жатыр

Алматыда Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі II Тянь-Шань форумы басталып, алқалы жиында аймақтағы елдерден мемлекеттік органдардың, халықаралық қаржы ұйымдарының, даму институттарының, іскер топтар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері бас қосты.

Форум аясында ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев ҚХР Қаржы министрі Лан Фоанмен кездесті. Оның барысында тараптар ведомствоаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайту, қаржы нарықтарын дамыту, инвестициялық ресурстарға қолжетімділікті кеңейту және бірлескен экономикалық бастамаларды қолдау перспективаларын талқылады. Мәди Төкешұлы еліміздің көршілес мемлекетпен өзара құрмет пен сенімге негізделген әріптестік аясында жан-жақты байланысты дамытуға ерекше мән беретінін айтты.

Келіссөз кезінде халықаралық қаржы институттары аясында әріптестікті дамыту, оның ішінде ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі бастама сөз болды. Бұған қоса тараптар қытайлық капитал нарығындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. М.Такиев Қытайдан келген әріпестеріне биыл жалпы көлемі 10 млрд юаньға жететін қазақстандық панда-облигациялардың екі егеменді шығарылымын табысты орналастыруға қолғабыс еткені үшін ризашылығын білдірді. Қаржыландырудың тиімді шарттары мен инвесторлардың жоғары қызығушылығы екі елдің қаржы саласындағы өзара іс-қимылын дамытудың маңызды кезеңіне айналды.

Сондай-ақ әңгіме барысында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға да жіті мән берілді. Кездесу соңында Қазақстанның қаржы министрі биыл шілдеде қол қойылған өзара түсіністік туралы ведомствоаралық меморандумды іс жүзінде жандандыруды ұсынды.

Оның аясында салық пен мемлекеттік қаржы жүйесін басқару бағытында және қаржы технологияларын енгізу саласында тәжірибе алысу көзделіп отыр. Бұдан бөлек форум аясында «Орталық Азияға бағытталған инвестициялар» сессиясы өтіп, онда ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил құттықтау сөз сөйледі.

Атап айтқанда, Дәурен Маратұлы Орталық Азияның халықаралық экономикалық дамудың жаңа кезеңінде тұрғанын айтты. Мәселен, жаһандық ойыншылардың өңірге деген қызығушылығы, сондай-ақ «Орталық Азия+» форматындағы өзара іс-қимылдың тың тетіктерін қалыптастыру экономикалық байланыстарды нығайтуға, сауда ынтымақтастығын кеңейтуге және халықаралық инвестицияларды тартуға қосымша мүмкіндіктерге жол ашады.

 

ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1322346?lang=kk