Ақмола облысында бордақылау алаңының ашылуына орай Австралиядан 1 100 асыл тұқымды қой жеткізілді

Ақмола облысында бордақылау алаңының ашылуына орай Австралиядан 1 100 асыл тұқымды қой жеткізілді

Ақмола облысындағы «Ерейментау-Астық-2014» ЖШС базасында 10 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңы ашылды. Жобаны іске асыру аясында Австралиядан әуе рейсімен дорпер тұқымды 1 100 асыл тұқымды қойдың алғашқы партиясы жеткізілді.

Іс-шарада Ақмола облысының әкімі жобаның маңыздылығына тоқталып, оның Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерге сәйкес жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызды бағыттарының бірі ретінде ет кластерін қалыптастыруды атап өтіп, осы бағыттағы жүйелі жұмыстың үлгісі ретінде біздің өңірді көрсетті. Біздің міндетіміз – мал басын көбейтумен ғана шектелмей, асыл тұқымды мал өсіруден бастап, бордақылау, ет комбинаттарында өңдеу және дайын өнімді экспорттауға дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыру. Бұл тұжырымдаманы жүзеге асырудың негізгі бағыттарының бірі – Ерейментау ауданында Канаданың озық тәжірибесін қолдана отырып, бірыңғай өндірістік кооперация құру жобасы», – деді өңір басшысы.

Кәсіпорын жалпы саны 4 мың бас ұсақ мал сатып алуды жоспарлап отыр. Жоба «Береке» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Ақмола облысы аталған бағдарлама бойынша қомақты қаржы алған алғашқы өңірлердің бірі болды.

Айта кетейік, «Ерейментау-Астық-2014» ЖШС – өңірлік ет кластерінің қатысушыларының бірі. Өткен жылдан бері кәсіпорын Катар мен Біріккен Араб Әмірліктеріне қой етін экспорттап келеді. Асыл тұқымды мал әкелу шаруашылықтың өндірістік әлеуетін арттырып, экспорттық бағытты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Тұжырымдама аясында үш асыл тұқымды мал өсіру орталығын, жалпы қуаттылығы 150 мың басқа арналған алты ірі бордақылау алаңын және заманауи ет өңдеу кешенін құру көзделген. Бұл өзара байланысты өндірістік тізбекті қалыптастырып, өңірдің етті мал шаруашылығындағы әлеуетін арттыруға жол ашады.

Әрбір асыл тұқымды мал өсіру орталығының өзіндік мамандануы болады. Ерейментау және Қорғалжын аудандарында қалмақ және қазақтың ақбас ірі қара тұқымдарын, сондай-ақ дорпер қойларын өсіру жоспарланған. Ақкөл және Зеренді аудандары ангус, герефорд тұқымды ірі қара мен дорпер қойларын өсіруге бейімделеді. Ал Біржан сал ауданында австриялық серіктестермен бірлесіп, симментал тұқымды ірі қара өсіретін репродукторлық кешен құрылады.

Кластердің соңғы буыны Аршалы ауданындағы Республикалық индустриялық аймақ аумағында салынатын ет өңдеу комбинаты болмақ. Кәсіпорын ішкі және сыртқы нарықтарға арналған терең өңделген өнім шығаруға бағытталады.

Жалпы, 2026 жылы «Солтүстік Қазақстан тәжірибесі», «Береке» және «Игілік» бағдарламалары аясында 10 мың бас ірі қара мен 6 мың бас ұсақ мал әкелу көзделген. Қазіргі уақытта 15 млрд теңге көлеміндегі алғашқы транш есебінен алты инвестициялық жоба қаржыландырылды.

Бүгінде облыста 9 құрама жем зауыты, жалпы қуаттылығы 34 мың басқа арналған 7 ірі бордақылау алаңы және 23 ет өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-ush/press/news/details/1322340?lang=kk