Ақмола облысы елордадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері маусымын қорытындылады

Ақмола облысы елордадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері маусымын қорытындылады

Ақмола облысы Астанада өткен өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымын қорытындылады. Елорда тұрғындары мен қонақтарына 50-ден астам түрлі өнім ұсынылып, саудаға шығарылған тауарлардың жалпы көлемі мың тоннадан асты. Жәрмеңке отандық өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін танытатын маңызды алаңға айналды.

«Қазанат» ипподромында шаруаларға арналған 140 сауда орны ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов та барды.
Сауда сөрелерінде ет және шұжық өнімдері, сүт тағамдары, жаңа ауланған балық, ұн, жарма, өсімдік майы, картоп пен көкөністер болды. Бұдан бөлек, елордаға 350 мың дана жұмыртқа жеткізілді.

Сондай-ақ келушілер отын, көшет және өзге де маусымдық тауарларды сатып ала алды.
Тұрғындар үшін өңір өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, түрлі викториналар ұйымдастырды. Қонақтар ұлттық нақыштағы фотозонада суретке түсіп, ECO Birlik экологиялық акциясына да қатысты. Оның аясында пластик қалдықтарын қайта өңдеуге тапсырған азаматтарға естелік сыйлықтар берілді. Волонтерлер сатып алушыларға тауарларын көліктеріне дейін жеткізуге көмектесті.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-ush/press/news/details/1322330?lang=kk