Бүгін Семейде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, әлеуметтік қорғау саласында еңбек етіп жүрген жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Сіздер мұқтаж жандарға күнделікті көмек көрсетіп, қоғам алдындағы маңызды міндетті абыроймен атқарып келесіздер. Азаматтардың өтініштерін тыңдап, отбасыларға, қарттарға және мүгедектігі бар адамдарға қолдау көрсетіп жүрсіздер. Бұл салада еңбек ету кәсіби білім мен біліктілікті ғана емес, үлкен сабырлылықты, жауапкершілікті және әр адамның жағдайын түсіне білуді талап етеді. Көмекке мұқтаж азаматтардың мәселесіне бейжай қарамай, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосу – аса маңызды міндет. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз адамдарға қиындықтарды еңсеруге, өмірге деген сенімін нығайтуға және қоғамның қолдауын сезінуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік салаға әрдайым ерекше көңіл бөледі. Биылғы Жолдауында да осы салаға арнайы тоқталып, оның ішінде инклюзивті білім беруге айрықша назар аударды. Бүгінде өңірімізде әлеуметтік қорғау саласын дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру, жаңа технологияларды енгізу және мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте сіздердің кәсіби тәжірибелеріңіз бен күнделікті еңбектеріңіз ерекше маңызға ие. Саланың дамуына елеулі үлес қосып, кәсіби дәстүрлерді қалыптастырып, мол тәжірибесін жас мамандарға үйретіп жүрген ардагерлерге құрметіміз шексіз. Ал күнделікті қызметінде жауапкершілік пен жанашырлық танытып жүрген барша әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлеріне облыс жұртшылығы атынан ризашылығымды білдіремін», – деді Берік Уәли.
Салтанатты жиында әлеуметтік қорғау саласында еселі еңбек етіп жүрген мамандарға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тапсырылды.
Айта кетейік, кәсіби мерекеге орай әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін шыңдау, еңбегін ынталандыру және үздіктерді анықтау мақсатында арнайы байқау ұйымдастырылды. Оның қорытындысы бойынша мамандар «Әлеуметтік сала ардагері», «Жылдың үздік әлеуметтік қызметкері», «Кәсіби сенімділік», «Алтын жүрек», «Шексіз қамқорлық», «Үміт сәулесі», «Сәтті қадам», «Болашағынан үміт күттіретін маман», «Асқақ абырой», «Үздік басқарушы», «Салауатты өмір жаршысы», «Шексіз мүмкіндіктер бапкері», «Жыл спортшысы», «Спорт мақтанышы» және «Үздік команда» номинациялары бойынша марапатталды.
Сондай-ақ, шара барысында «№2 Семей арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына» «ГАЗ-322173 NEXT» маркалы автокөлігінің, Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына «ПАЗ-320415-04» маркалы автобусының, «№1 Семей арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына» «Daewoo BH 120 F GDW» автобусының, ал Абай облысының мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығына «Dongfeng BWC3180GLV» арнайы техникасының кілті табысталды.
Аймақ басшысы облыстық мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығын аралап, жұмысымен танысты.
Ғимарат 2023 жылы пайдалануға берілген. Орталық 150 орынға арналған. Оның ішінде 75 орын психоневрологиялық патологиялары және тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар мүгедектігі бар балаларға, қалған 75 орын I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған. Медициналық көрсетілімдерге сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтер 1 айдан 6 айға дейінгі мерзімде көрсетіледі.
Нысан 7 блоктан тұрады. Мұнда қызмет алушыларға арналған әлеуметтік, педагогикалық, мәдени және медициналық оңалту бөлімдері, заманауи жабдықтармен қамтылған емдік бассейндер, жаттығу залдары, түрлі терапия кабинеттері мен шеберханалар орналасқан.
Қазіргі таңда Абай облысында 23,9 мың мүгедектігі бар адам тіркелген, олардың 3 мыңға жуығы – балалар. Биылғы жылдың басынан бері әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 13 303 азамат немесе мұқтаж адамдардың 84,5%-ы техникалық оңалту және қызмет көрсету құралдарымен қамтылды. «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін 2027 жылға дейін 1 255 нысанды бейімдеуден өткізу жоспарланған, соның ішінде биыл жыл соңына дейін 200 нысанды бейімдеу көзделген.
Облыста 6 облыстық медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді. Оның ішінде 2 мекеме балаларға арналған, 2-еуі қарттарға әлеуметтік қызмет көрсетеді, 1-еуі психоневрологиялық бағытта жұмыс істейді. Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалту орталығы бар. Сонымен қатар қалалар мен аудандарда 16 аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы және 3 үкіметтік емес ұйым қызмет атқарады. 2025 жылы Бас прокуратурамен қайтарылған активтер есебінен 2,6 млрд. теңгеге «№1 Семей арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-нің жанында қосымша 100 адамға арналған корпусы салынды. Үржар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының 2 қабатты әкімшілік ғимараты мен оқу корпусына күрделі жөндеу жүргізілді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Орталық жанында қосымша корпустың құрылысы жалғасуда.
Сондай-ақ, қазіргі таңда Қарағайлы ықшам ауданында «Абайға құрмет» акциясы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен инклюзивті спорт кешені салынып жатыр. Бұл ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың спортпен алаңсыз айналысуына, қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Бүгінде облыста арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда 1 570-тен астам маман еңбек етеді. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, арнайы педагогтер мен әлеуметтік қызметкерлер бар. Әлеуметтік қызметкерлердің жалпы саны 655 адамды құрайды, оның 11-і үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істейді.