II Тянь-Шань форумы аясында Қазақстан-Қытай қаржы-экономикалық ынтымақтастығын кеңейту перспективалары талқыланды

II Тянь-Шань форумы аясында Қазақстан-Қытай қаржы-экономикалық ынтымақтастығын кеңейту перспективалары талқыланды

Алматыда Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі II Тянь-Шань форумы аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚХР Қаржы министрі Лан Фоанмен кездесіп, оған ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев, Қытайдың Экспорттық-импорттық банкінің президенті Ван Чуньин, CITIC тобының төрағасы Си Гохуа және ҚХР ШҰАА вице-губернаторы Чжан Инчунь қатысты. Кездесу инвестициялық ағындарды кеңейтіп, бірлескен қаржы құралдарын дамытуға және Қазақстанға стратегиялық тұрғыда маңызды жобаларды орындауды жеделдететін қаржы саласындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшу перспективаларын талқылау алаңына айналды.

Күн тәртібінде Қазақстан-Қытай инвестициялық архитектурасын қалыптастыру жолдары қаралды. Атап айтқанда, еліміздің және қытайлық қаржы институттарының қатысуымен бірлескен тікелей инвестициялар қорын құру перспективалары, сондай-ақ үлестік, займдық және сақтандыру қаржыландыру тетіктерін біріктіру мүмкіндіктері пысықталды. Мұндай тәсіл капитал қолжетімділігін кеңейтуге және ірі инвестициялық бастамаларды іске асыру үшін қосымша жағдайларға жол ашады. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға ерекше назар аударылды.

Қазақстан тарапы екі елдің қаржы институттарын осы бастаманы жүзеге асыруға тартудың маңыздылығын жеткізіп, бұл бағытта бірлескен қор құруды пысықтау қажет екенін айтты. Бұдан бөлек Алматы метрополитенін дамыту, Астананың көлік инфрақұрылымын көркейту, «Орталық-Батыс» автомобиль жолын салу, сондай-ақ Астананың сумен жабдықтау нысандарын жаңғырту сынды ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру жөнінде де айтылды.

Кездесу қорытындысына сәйкес тараптар қаржы саласындағы әріптестікті одан әрі нығайтып, қаржы институттары арасындағы тікелей өзара іс-қимылды дамытуға және екі жақтың сауда-экономикалық байланыстарын тереңдетуге бағытталған бірлескен бастамаларды бірізді түрде орындауға мүдделі екендерін жеткізді.

 

ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1322328?lang=kk