ҚАЗАҚСТАНДА ӘРБІР ҮШІНШІ ЖАТТЫҚТЫРУШЫНЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ 30%-ҒА АРТТЫ

ҚАЗАҚСТАНДА ӘРБІР ҮШІНШІ ЖАТТЫҚТЫРУШЫНЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ 30%-ҒА АРТТЫ

2026 жылдың басында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.

Заңда біліктілік тестілеуінен сәтті өткен және ұлттық даярлық стандарттарына сәйкес оқу-жаттығу процесін жүргізетін жаттықтырушы-оқытушыларға лауазымдық жалақысының 30%-ы мөлшерінде қосымша ақы төлеу көзделген.

Қазіргі уақытта елімізде 526 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Бұл мекемелерде 15 мыңнан астам жаттықтырушы-оқытушы еңбек етеді. Олардың жетекшілігімен 398 342 бала спортпен шұғылданады. Спорт мектептеріне балалар 5 жастан бастап қабылданады. Бүгінгі күні жылбасынан бері әр өңірдегі спорттық мекелердің 5863 жаттықтырушысы біліктілікті арттыру курснан өтті.

Жоспар бойынша жыл сайын жаттықтырушы-оқытушылардың шамамен 30%-дан астамы біліктілік тестілеуінен өтуде. Оны Республикалық дене шынықтыру және спорт бойынша оқу-әдістемелік және талдау орталығы ұйымдастырады.
Жаттықтырушы-оқытушыларға қосымша ақы төлеуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлу мәселесін Республикалық бюджет комиссиясы қолдады.
Заңда балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін (БЖСМ) жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесіне көшіру және жаттықтырушы-оқытушылардың еңбекақысын арттыру шаралары қарастырылған.

2026-2028 жылдарға арналған қаржыландырудың жалпы көлемі 74 млрд теңгені құрайды. Оның 1,8 млрд теңгесі жаттықтырушы-оқытушыларға қосымша ақы төлеуге бағытталды.

Қалған қаражат спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, балалардың жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысуын қамтамасыз етуге, фармакологиялық қамтамасыз етуге, сондай-ақ спорттық киім-кешек пен қажетті жабдықтарды сатып алуға жұмсалуда.
Заңнамалық өзгерістер жаттықтырушы мамандығының беделін арттыруға, балалар мен жасөспірімдер спортына білікті мамандарды тартуға, тәжірибелі жаттықтырушыларды салада сақтап қалуға және болашақ чемпиондарды даярлауға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm;sport/press/news/details/1322322?lang=kk