Қазақстан Елшісінің «Bambino Gesù» ауруханасының президентімен кездесуі туралы

Қазақстан Елшісінің «Bambino Gesù» ауруханасының президентімен кездесуі туралы

2026 жылғы 30 қазанда Қазақстан Республикасының Қасиетті Тақ жанындағы Елшісі Тимур Пірімбетов Ватиканның «Bambino Gesù» балалар ауруханасының президенті Тициано Онестимен кездесті.

Әңгімелесу барысында Т.Онести ІІ Қазақстан–Ватикан коллоквиумына қатысу үшін аурухана делегациясының Қазақстанға жасаған сапарының қорытындыларымен бөлісті. Коллоквиумда ауыр дертке шалдыққан балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғауға, оларға кешенді көмек көрсетуге және отбасыларына қолдау білдіруге ерекше назар аударылды.

Т.Пірімбетов сұхбаттасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырды. Балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған әлеуметтік және медициналық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі бастамаларға айрықша назар аударылды. Атап айтқанда, Жолдауда перинаталдық және балаларды оңалту орталықтарын, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорт залдарын салу көзделген.

Т.Онести «Bambino Gesù» ауруханасының Қазақстанмен балалардың денсаулығын қорғау саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі аясындағы гуманитарлық мәселелер бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады.

Кездесу достық және сындарлы ахуалда өтті.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vatican/press/news/details/1322296?lang=kk