«Достық керуені»: Сарысу және Талас аудандарында мәдениет пен дәстүр арқылы бірлік нығаюда

«Достық керуені»: Сарысу және Талас аудандарында мәдениет пен дәстүр арқылы бірлік нығаюда

Сарысу және Талас аудандарында Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ жүзеге асыратын «Достық керуені» жобасы аясында этносаралық келісімді нығайтуға, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге және жастар тәрбиесіне бағытталған мәдени, танымдық және спорттық іс-шаралар өтті.

Бағдарлама аясында мәдени мұра көрмелері, шығармашылық кездесулер, жастар тренингтері, қоғамдық кеңестердің отырыстары мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Сарысу ауданында ұлттық тұрмыс бұйымдары, қолөнер туындылары, сондай-ақ «Талант» студиясының жетекшісі Мақсат Омаров пен оның шәкірттерінің шығармашылық жұмыстары ұсынылды. Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің ұстаздары мен оқушылары домбырамен музыкалық шығармалар орындады. Ал Талас ауданында Қазақстандағы бейбітшілікке, достық пен бірлікке арналған «Қыран елім - Қазақстан!» жас суретшілер көрмесі ұйымдастырылды.

Аудандық мәдениет үйлерінде Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің кездесулері де өтті. Қатысушылар отбасы тәрбиесі, ұлттық дәстүрлерді сақтау, үлкенді құрметтеу және ұрпақтар сабақтастығы мәселелерін талқылады. Облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Исмаил Хаджимуратов кітап оқудың және жастардың білімге ұмтылуының маңызын атап өтті. Ал облыстық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары, Республикалық дүнген этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова адамгершілік тәрбие, ұлттық құндылықтар мен отбасылық дәстүрлерді сақтау мәселелеріне тоқталды.

Кездесулер барысында әйелдердің құқықтарын қорғау және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Талқылауларға құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, құқықтық қорғау шаралары мен зорлық-зомбылық жасағаны үшін жауапкершілік жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сарысу ауданында Аналар кеңесінің мүшелері «Бастаңғы» дәстүрін көрсетті. Сонымен қатар «Мәдениетті ана - мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында бірге отасқандарына 50 жыл толған Сахарап Қырғызбаев пен Бағдакүл Асанова «Алтын шаңырақ» номинациясы бойынша Алғыс хаттармен марапатталды. Талас ауданында жеті баланың анасы, мемлекеттік тілді еркін меңгерген Оксана Лобанова Аналар кеңесінің сыйлығымен марапатталды.

Жастармен жұмыс та жобаның маңызды бағыттарының бірі болды. Сарысу ауданында «Менің елім - Қазақстаным», ал Талас ауданында «Отаным - мақтанышым!» тақырыбында тренингтер өтті. Командалық тапсырмалар мен пікір алмасу қатысушылардың өзара әрекеттесу, бір-біріне қолдау көрсету және ортақ шешім қабылдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.

Сондай-ақ екі ауданда 15–25 жас аралығындағы түрлі этнос жастары арасында ұлттық спорт түрлерінен спартакиадалар ұйымдастырылды. Сарысу ауданында қатысушылар арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу, гір көтеру және қол күресінен бақ сынады. Ал Талас ауданындағы жарыс бағдарламасына арқан тарту, садақ ату, асық ату, гір көтеру және қол күресі енгізілді.

Сарысу ауданында жоба аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы да талқыланды. Кездесуде экономиканы нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізу, су ресурстарын тиімді пайдалану, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын дамыту мәселелері сөз болды. Сонымен қатар этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың қоғамдық келісімді нығайтудағы және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі атап өтілді.

Мәдени бағдарлама аясында Сарысу ауданында «Өнерім саған, Қазақстан!», Талас ауданында «Туған елім - тұғырым!» фестивальдері өтті. Сахнада этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары, вокалды-аспаптық ансамбльдер мен би топтары өнер көрсетті. Талас ауданындағы фестиваль «Талас» халық театрының «Халықтар достығы» атты театрландырылған қойылымымен ашылды. Іс-шаралар соңында этномәдени бірлестіктердің, Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің белсенді өкілдері марапатталды.

Жоба аясындағы іс-шаралар этностардың мәдени мұрасымен танысуға, тәжірибе алмасуға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға мүмкіндік берді. Бірлескен шығармашылық, танымдық және спорттық бастамалар арқылы «Достық керуені» өзара құрметті, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға үлес қосуда.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sayasat/press/news/details/1322289?lang=kk