Петропавл тұрғынын полицейлер соңғы сәтте өлім аузынан құтқарды

Петропавл тұрғынын полицейлер соңғы сәтте өлім аузынан құтқарды

29 қазанда Петропавл қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Санат Еменалин мен Берік Құсайынов түнгі кезекшілікке түсті. Сағат 21:00 шамасында кезекші бөлімге қаланың 19-шағынауданындағы ескі үйлердің бірінде отбасылық жанжал болып жатқаны туралы хабарлама түсті.

Оқиға орнына жеткен полицейлер кіреберісте терезе алдындағы қораптың үстінде отырған ер адамды көрді. Ол қырылдап жатты. Мойнынан терезе тұтқасына дейін жіңішке бау тартылып тұрған. Берік ер адамды жоғары көтеріп тұрды, ал Санат бауды оттықпен күйдіріп үзді. Полицейлер оның тамыр соғысын тексеріп, алғашқы көмек көрсетті және жедел жәрдем шақырды.

Ер адамның жұбайы күйеуінің мас болғанын түсіндірді. Екеуінің арасында жанжал туындап, әйел полиция шақырған. 39 жастағы күйеуінің пәтерден не мақсатпен шыққанын ол білмеген. Егер полицейлер бір минутқа кешіккенде, отбасылық жанжал қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін еді. Келесі күні полицейлер медицина қызметкерлерінен ер адамның өміріне қауіп төніп тұрмағанын нақтылады.

Патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысы көбіне жағдайдың қалай өрбитіні белгісіз кезде өтеді. Әрбір шақырту жедел шешім қабылдауды талап етуі мүмкін. Ал кейде сол шешімнің дер кезінде қабылдануы адам өмірін сақтап қалады

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1322285?lang=kk