РЕЙДТІК ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛДІ

РЕЙДТІК ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛДІ

Шымкент қаласының балалар құқығын қорғау басқармасының ұйымдастыруымен, «Қорғаншылық және қамқоршылық орталығы» КММ-нің қызметкерлері  Шымкент қаласының Полиция департаментінің және аудандық полиция басқармаларының қызметкерлерімен бірлесіп, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуының алдын алу мақсатында, қала бойынша ойын-сауық мекемелеріне және тұрғынжайдан тыс жерлерге рейдтік іс-шаралар өткізді. Рейдтік іс-шаралар барысында 45 кәмелетке толмаған бала анықталды.

Бірінші мәрте анықталған 26 кәмелетке толмаған баланың ата-анасына ескерту жасалып, балалар ата-анасына табысталды. Екі немесе одан көп дерек тіркелген 19 кәмелетке толмаған баланың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Сонымен қатар, түнгі уақытта 22:00-ден кейін ойын-сауық мекемесінде кәмелетке толмаған баланың болуына жол берген 2 мекеменің егесіне айыппұл салынып, 1 мекеме Полиция басқармасының қызметкерлерімен мөрленіп жабылды. 

Одан бөлек, 7 кәмелетке толмаған  бала заңды өкілдері балаларын алып кетуге келмеуіне байланысты «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» КММ-не орналастырылды.

Құрметті ата-аналар! Кәмелетке толмаған балаларға қатысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың түнгі уақытта жасалатындығын басты назарға алып, кәмелетке толмаған балаларыңызды түнгі уақытта ойын-сауық мекемелеріне немесе тұрғынжайдан тыс шығармауларыңызды сұраймыз.

Ата-аналар назарына!

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442 бабына сәйкес,

1. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруіңсіз сағат 22.00-ден таңғы 06.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады;

2. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23.00-ден таңғы 06.00-ге дейін болуы заңды өкіліне ескерту жасауға әкеп соғады;

3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылдың ішінде қайталап жасалған әрекеттер –  заңды өкілдеріне жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп сағады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-bala/press/news/details/1322256?lang=kk