Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейдегі банктердің қарыз алушыларының борыш жүктемесі коэффициентін (БЖК) есептеудің дұрыстығын тексеруге бағытталған Debt Service Review (DSR) тұрақты қадағалау процесінің іске қосылғаны туралы хабарлайды. Тексеру аясына11 ірі банк кіреді. Жаңа қадағалау процесі азаматтардың борыш жүктемесінің теңгерімді деңгейін ұстап тұруға және жауапты кредиттеу практикасын нығайтуға бағытталған.
Жауапты кредиттеуді қамтамасыз ету және азаматтарды шамадан тыс борыш жүктемесінен қорғау Агенттік қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Бөлшек кредиттеудің өсуі жағдайында қарыз беру туралы шешім қабылдау кезеңінде банктердің қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін объективті бағалауы ерекше маңызға ие болады.
Жаңа қадағалау процесінің басталуының алдында пилоттық жоба болды, оның шеңберінде Агенттік 8 банкте БЖК есебінің дұрыстығына талдау жүргізді. Пилоттық жобаның қорытындылары DSR-ді тұрақты қадағалау процесіне енгізу қажеттілігін растады.
DSR негізгі мақсаттары:
- қарыз алушылардың кірістері мен кредиттік міндеттемелерін тиісті бағалау есебінен халықтың шамадан тыс кредит алуының алдын алу;
- қарыз алушылардың борыш жүктемесін жете бағаламау жағдайларын уақтылы анықтау арқылы кредиттік тәуекелдерді төмендету;
- банктердің пилоттық жоба барысында анықталған тәсілдеріндегі сәйкессіздіктерді ескере отырып, банк секторында БЖК есептеудің бірыңғай практикасын қамтамасыз ету;
- ішкі скорингтік модельдерді уақтылы калибрлеуді қоса алғанда, қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалау тәсілдерін жетілдіру есебінен банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын арттыру.
Тексеру қорытындысы бойынша Агенттік анықталған бұзушылықтардың сипаты мен маңыздылығын бағалайды және қадағалау шараларын қолдану, сондай-ақ банктердің түзету іс-шараларының жоспарларын бекіту қажеттілігін қарайды. Алынған нәтижелер БЖК есептеуге қойылатын нормативтік талаптарды жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындау кезінде пайдаланылатын болады.
Жалпы алғанда, БЖК қарыз алушының кредиттік міндеттемелер бойынша ай сайынғы төлемдерінің және оның орташа айлық табысының арақатынасын көрсетеді. Бұл халықтың борыш жүктемесін шектеудің негізгі реттеуші құралдарының бірі. Аталған көрсеткішті дұрыс есептеу қарыз алушының қолданыстағы міндеттемелерге де, жаңа қарызға да қызмет көрсету қабілетін объективті бағалауға мүмкіндік береді. Қарыз алушылардың борыш жүктемесін жете бағаламау банктердің кредиттік тәуекелдерін және халықтың шамадан тыс кредит алуын ұлғайту тәуекелдерін арттырады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы