Ас қорыту жүйесі инфекцияларына гастроэнтерит, гепатит, некротикалық энтероколит, асқазан-ішек жолдарының инфекциялары, медициналық көмек көрсетумен байланысты, ешқандай санатқа кірмейтін интраабдоминальды инфекциялар жатады.
Гастроэнтеритті анықтау өлшемшарты пациентте мынадай жағдайлардың бірінің болуы:
- құсумен немесе дене температурасының (38°C-тан жоғары) көтерілуімен бірге жүретін немесе жүрмейтін диареяның жіті ұстамасының (12 сағаттың ішінде нәжістің сұйық болуы) және инфекцияға қатысты емес басқа ықтимал себептердің болмауы (диагностикалық процедуралар, дәрілік заттарға жағымсыз реакциялар, созылмалы аурудың асқынуы, ауырсыну, эмоционалды стресс);
- басқа белгілі себептермен түсіндірілмейтін мыналардың екеуінің: лоқсудың, құсудың, бас ауыруының, іш ауыруының және мынадай жағдайлардың бірінің болуы болып табылады;
- нәжіс себінділерінде немесе тік ішектен алынған жағындыларда ішек микроорганизмінің бөлінуі;
- патогенді ішек микроорганизмдерін микроскопиялық немесе электронды-микроскопиялық зерттеу арқылы анықтау;
- қан немесе нәжіс үлгілерін антигендерге немесе антиденелерге зерттеу кезінде патогенді ішек микроорганизмдерін анықтау;
- тін себінділеріндегі (уыт сынамасындағы) жасушалардың патологиялық өзгеру және немесе қос сарысу үлгілерінде G иммундық-глобулин сыныбындағы антиденелердің патогенге төрт еселік артуы.
Гепатитті анықтау өлшемшарты пациентте басқа белгілі себептермен түсіндірілмейтін мыналардың екеуінің: қызбаның (38°C-тан жоғары), анорексияның, лоқсудың, құсудың, іш ауыруының, сарғыштықтың болуы немесе бұрын (3 айға дейін) жүргізілген трансфузияның және мынадай жағдайлардың біреуінің болуы болып табылады:
1) антигендерді немесе антиденелерді А гепатиті, В гепатиті немесе дельта-гепатитіне зерттеу кезінде оң нәтиженің алынуы;
2) бауыр функцияларының зертханалық деректермен расталатын бұзылуы (жоғары аланин-аспартатаминотрансфераз (АЛТ/АСТ) және билирубин деңгейлері);
3) несепте немесе ауыз-жұтқыншақ бөліндісінде цитомегаловирусты (ЦМВ) анықтау.
Жаңа туған нәрестелерде некротикалық энтероколиттті анықтау өлшемшарты балада басқа белгілі себептермен түсіндірілмейтін мынадай жағдайлардың екеуінің: құсудың, іш кебуінің, тамақтандыруды бастағанға дейін қалдықты құбылыстардың және келесі рентгенологиялық белгілердің болуы:
1) пневмоперитонеум;
2) ішек пневматозы;
3) аш ішектің өзгермейтін «қатты» ілмектері болып табылады.
Гастроэнтеритті және аппендицитті қоспағанда асқазан-ішек жолдары бөліктерінің (өңеш, асқазан, аш ішек, тоқ ішек, тік ішек) инфекцияларын анықтау өлшемшарты пациентте мынадай жағдайлардың болуы:
1) хирургиялық араласу кезінде байқалатын немесе гистологиялық-патологиялық деректермен расталатын абсцесс немесе инфекцияның басқа да белгілері;
2) басқа белгілі себептермен түсіндірілмейтін және зақымдалған органдағы немесе тіндегі инфекциямен бірге жүретін мынадай белгілердің екеуінің: қызбаның (38°C-тан жоғары), лоқсудың, құсудың, іштің ауыруының немесе сезгіштігінің және келесі рентгенологиялық белгілердің болуы болып табылады:
- хирургиялық араласу немесе эндоскопиялық процедура немесе хирургиялық әдіспен енгізілген кезінде дренаж арқылы алынған бөлінді себіндісінде немесе тін үлгісінде микроорганизмнің бөлінуі;
- нәжіс себіндісінде микроорганизмнің бөлінуі;
- инфекцияның болуын растайтын рентгенологиялық деректер;
- эндоскопиялық зерттеу кезінде байқалатын патологиялық өзгерістер (мысалы, Кандида тудыратын эзофагит немесе проктит).
Ɵт қабын, өт жолдарын, бауырды (вирусты гепатиттен басқа), көкбауырды, ұйқы безін, көк етті, диафрагма астындағы кеңістікті, іш қуысының басқа да тіндерін немесе жерлерін зақымдайтын интраабдоминальды инфекцияларды анықтау өлшемшарты пациентте мынадай жағдайлардың бірінің болуы:
1) интраабдоминальды кеңістіктен хирургиялық араласу немесе аспирациялық биопсия кезінде алынған іріңді бөліндінің себіндісінде микроорганизмнің бөлінуі;
2) хирургиялық араласу кезінде байқалатын немесе гистологиялық-патологиялық деректермен расталатын абсцесс немесе интраабдоминальды инфекцияның басқа да белгілері;
3) басқа белгілі себептермен түсіндірілмейтін мынадай белгілердің екеуінің: қызбаның (38°C-тан жоғары), лоқсудың, құсудың, іштің ауыруының, сарғыштықтың және мынадай жағдайлардың бірінің болуы болып табылады:
- хирургиялық әдіспен енгізілген дренаж (жабық дренажды жүйе, ашық дренаж немесе Т-түтігі) арқылы алынған бөлінді себіндісінде немесе тін үлгісінде микроорганизмнің бөлінуі;
- хирургиялық араласу кезінде немесе пункциялау арқылы алынған сұйық бөлінді үлгісінде немесе тінде Грам бойынша бояу кезінде патогенді микроорганизмдерді анықтау;
- қан себіндісінде микроорганизмнің бөлінуі және инфекцияның болуын растайтын рентгенологиялық деректер.