Өңір басшысы Асайын Байханов Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Құдайберген Базарбаевпен кездесті. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, өнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Асайын Байханов Павлодар облысының экономикалық және өнеркәсіптік әлеуетін таныстырды.
Өзара сауданы дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша өңірдің Қырғызстанмен тауар айналымы 24,3 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге артты. Экспорт көлемі 4,5 млн долларды, импорт 19,8 млн долларды құрады.
Павлодар облысы - көпұлтты өңір. Мұнда этносаралық келісімді нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Осы бағытта «Қырғызстан» этномәдени бірлестігі белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
- Қазақстан мен Қырғызстанды тату көршілік қарым-қатынас пен стратегиялық әріптестік байланыстырады. Оларды нығайтуда Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Біздің өңір ынтымақтастыққа ашық және сауда, өнеркәсіптік кооперация мен гуманитарлық байланыстар салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі, - деп атап өтті облыс әкімі.
Кездесу соңында тараптар әріптестікті одан әрі нығайтуға және өзара тиімді бағыттар бойынша ынтымақтастыққа мүдделі екендіктерін жеткізді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев