Бүгін мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасын қалыптастыру тәртібі туралы айтамыз.
Абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы-бұл мүгедектігі бар адамның денсаулығының жай-күйін, функционалдық бұзылулардың сипатын, тыныс-тіршілігінің шектелуін және жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қажетті оңалту шараларын айқындайтын құжат.
Абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеу мүгедектігі бар адамның әлеуметтік бейімделуіне жәрдемдесуге, оның дербестігін, қажетті қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және қоғамдық өмірге толыққанды қатысу үшін жағдайлар жасауға бағытталған.
Абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасының әлеуметтік бөлігі техникалық оңалту құралдарына, протездік-ортопедиялық көмекке, арнаулы жүріп-тұру құралдарына және басқа да әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті айқындауды көздейді.
Абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасының кәсіптік бөлігі мүгедектігі бар адамның еңбек қызметі мен кәсіптік мүмкіндіктерін ескере отырып қалыптастырылады. Мүгедектігі бар адамды ұтымды жұмысқа орналастыру, оқыту немесе қайта оқыту мақсатында әзірленеді.
Күндізгі куәландыру кезінде абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы өтініш берілген күні, ал сырттай проактивті куәландыру кезінде - медициналық құжаттар аумақтан тыс сарапшылардың қарауына келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әзірленеді.
Аталған тәртіпті сақтау оңалтуға уақтылы қол жеткізуді және мүгедек адамды қоғамға табысты интеграциялауды қамтамасыз етеді.