ЖОЛДАУДАН ТУҒАН ОЙ

ЖОЛДАУДАН ТУҒАН ОЙ

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын тыңдағанда, ең алдымен, «Еліміздің ертеңі қандай болады?» деген ойға қаласың. Өйткені елдің болашағы туралы айтылған әрбір міндеттің түпкі мақсаты – адамның өмір сүру сапасын жақсарту, қоғамның дамуына жол ашу, келешек ұрпаққа лайықты өмір қалыптастыру.

Қатардағы азамат үшін мемлекеттің дамуы – күнделікті тіршілігінен көрінетін нақты өзгерістер. Ол – еңбегіне қарай табыс табу, отбасын алаңсыз асырау, баласына сапалы білім беру, қажет кезінде білікті медициналық көмек алу, баспаналы болуға мүмкіндік табу, заң алдында өзінің құқығы қорғалатынын сезіну. Адам үшін осы мәселелердің шешілуі – ел дамуының ең маңызды көрсеткіштері.

Сондықтан экономикалық өсімнің игілігі халықтың тұрмысынан көрініс табуы қажет. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы, шағын кәсіпкерліктің дамуы, азық-түлік бағасының қолжетімді болуы, білім беру мен денсаулық сақтау сапасының артуы қарапайым отбасының ертеңіне деген сенімін нығайтады.

Жолдаудан туған тағы бір ой мемлекет азаматтарға мүмкіндік пен қолдау ұсынса, әр адам сол мүмкіндікті тиімді пайдалануға, өз ісіне жауапкершілікпен қарауға тиіс. Еңбек ету, білімін жетілдіру, заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, айналасына жанашыр болу – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.

Біз кейде елдегі мәселелердің шешімін сырттан күтеміз. Ал шын мәнінде, қоғамның сапасы әрқайсымыздың ісімізден басталады. Өз жұмысын адал атқарған мұғалім де, сапалы қызмет көрсеткен дәрігер де, кәсібін дамытқан кәсіпкер де, баласына дұрыс тәрбие берген ата-ана да елдің өркендеуіне үлес қосады.

Мен үшін Жолдаудың негізгі мәні мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершіліктің өзара сабақтастығында деп білемін. Мемлекет халықтың мүддесін қорғап, әділдік пен тең мүмкіндікке жағдай жасауы керек. Ал азамат өз құқығын біліп қана қоймай, міндетін де сезініп, ел өміріне бейжай қарамауы қажет. Сондықтан Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі деп білемін.

​Автор: Жақан Жұпар Рысқұлқызы, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-til-damytu/press/news/details/1322121?lang=kk