2026 жылғы 31 қазанда Ордабасы ауданына қарасты Қажымұқан елді мекеніндегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы музей аумағында «Ұлы тұлғаларға құрмет – ұрпаққа міндет» атты экологиялық акция өтті.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған іс-шараның негізгі мақсаты – тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлы тұлғалардың есімін ұлықтау, қоршаған ортаны қорғау, тарихи нысандардың аумағын абаттандыру және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Экологиялық акцияға ардагерлер, экобелсенділер мен мекеме қызметкерлерін қосқанда 500-ден астам азамат қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Іс-шара аясында 520 түп ағаш отырғызылып, аумақта шөп шабу және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 5 тонна қоқыс шығарылып, 50 түп ағаштың түбі әктелді. Музей аумағындағы қоршаулар сырланып, абаттандыру және ретке келтіру жұмыстары атқарылды.
Мұндай игі бастамалар тарихи орындарды таза ұстауға, табиғатты қорғауға, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі