Есірткі сататын интернет-дүкенге қызмет көрсеткен Telegram айырбастау тобының қызметі тоқтатылды

Есірткі сататын интернет-дүкенге қызмет көрсеткен Telegram айырбастау тобының қызметі тоқтатылды

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті интернет-дүкен арқылы есірткі құралдарын сату кезінде қаржылық есеп айырысуды қамтамасыз етуге байланысты заңсыз қызметтің жолын кесті.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Telegram мессенджерінде ақша айырбастау тобын ұйымдастырып, төлемдерді қабылдау және өңдеу жұмыстарына жеті адамды тартқан. Айырбастау тобының үздіксіз жұмыс істеуі үшін тәулік бойғы жұмыс тәртібі ұйымдастырылған.

Интернет-дүкен операторлары сатып алушыларды аталған айырбастау тобына бағыттап, сол арқылы төлемдерді қабылдау және ақша аудару операцияларын жүзеге асырған. Төлем расталғаннан кейін сатып алушыларға есірткі құралдары жасырылған орындардың координаттары жіберілген.

Аталған айырбастау тобы арқылы күн сайын 50-ден 70-ке дейін төлем операциясы жүргізілген.

Ақша қаражатын қабылдау үшін үшінші тұлғалардың (дропперлердің) атына рәсімделген 22 банк картасы пайдаланылған.

Түскен қаражат криптовалютаға айырбасталып, есірткі құралдарын заңсыз сатуды ұйымдастырған тұлғалардың бақылауындағы криптоәмияндарға аударылған.

Негізгі күдікті қамауға алынды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/afm-aktobe/press/news/details/1322113?lang=kk