Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің аудан-қалаларында тұрақты түрде жеке қабылдау өткізіп келеді. Бүгін облыс әкімі Мақтаарал ауданына жасаған жұмыс сапары барысында тұрғындарды кезекті рет жеке қабылдады. Қабылдауға келген азаматтар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді.
Тұрғындардың өтініштерін тыңдаған өңір басшысы тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ азаматтардың өтініштері ескерусіз қалмайтынын және заң аясында шешілетінін жеткізді.
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, өңірлерді дамыту және азаматтардың өзекті мәселелерін шешу бағытында нақты міндеттер жүктеді. Осы ретте тұрғындардың өтініштерін тыңдап, көтерілген мәселелерге дер кезінде назар аудару – біздің басты мақсатымыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Жеке қабылдау барысында тұрғындар инфрақұрылым, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік салаға қатысты мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, мақта шаруашылығына субсидия бөлу, жергілікті шаруалардың құқықтарын қорғау, апатты тұрғын үйлерге ауыз су тарту, каналдарды жөндеу, жолдарды ретке келтіру, көшелерді жарықтандыру және мектепке қосымша ғимарат салу мәселелері айтылды.
Ашық форматта өткен қабылдауға құқық қорғау органдарының өкілдері мен облыстық басқармалардың басшылары және жауапты мамандары қатысты. Олар көтерілген мәселелердің оңтайлы шешілуіне атсалысты. Азаматтардың өтініштері негізінде хаттамалық тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.
Айта кетейік, облыс әкімінің аудандарға жұмыс сапарлары барысында тұрғындармен жеке кездесулер өткізіліп, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Облыс әкімі мен оның орынбасарлары бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде жеке қабылдау өткізеді. Жеке қабылдауға жазылу жұмыстарын Түркістан облысы әкімі аппаратының Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Қабылдауға eGov.kz порталы, «Е-Өтініш» бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығына барып, жазбаша өтініш беру арқылы жазылуға болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі