Дүбірлі додада Қорғаныс министрлігінің өкілдері – ефрейтор Нұрқожа Қайпанов (74 келі) еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, сержант Айдос Сұлтанғали (60 келі) мен ефрейтор Бағдат Сабаз (67 келі) грек-рим күресінен қола медаль иеленді.
74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрқожа Қайпанов алғашқы белдесуінде косоволық Эгзон Хониді 10:0 есебімен айқын басымдықпен жеңген болатын. Әзербайжандық Тұран Байрамовпен өткен келесі кездесуінде де 4:0 есебімен басым түсті. Ал ширек финалда тәжікстандық Виктор Рассадинді 11:0 есебімен ойсырата ұтты.
Жартылай финалда жапониялық балуан Йошиносукэ Аоягимен белдескен Орталық спорт клубының спортшысы 3:1 есебімен жеңіске жетті. Алайда шешуші финалдық белдесуде ресейлік Иналбек Шериевке 4:10 есебімен есе жіберді.
Осылайша, әлем чемпионатында бір күміс және екі қола медаль жеңіп алған армия балуандары Қазақстанның халықаралық спорттағы беделін арттыруға айтарлықтай үлес қосты.
Астанада өткен күрестен әлем чемпионатына 135 елден 900-ге жуық спортшы қатысты.