Түркістан облысында Кәсіпкерлер күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралар екі күн бойы жалғасты. Бүгін еліміздің оннан астам өңірінен келген делегация өкілдері облыстағы бірқатар өндірістік нысанды аралап, кәсіпкерлер мен инвесторларға жасалған жағдайлармен, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен және өңірдің индустриялық даму бағыттарымен танысты.
Алдымен делегация мүшелері «SAURAN» шағын өндірістік паркінде болды. Қонақтар мұндағы кәсіпорындардың жұмысымен танысып, көкөніс сақтау қоймасының қызметін көрді. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын, жиһаз, өндірістік тоңазытқыштар және полиэтилен пакеттерін шығаратын өндіріс орындарын аралап, ондағы технологиялық үдерістерді бақылады.
Бүгінде Түркістан облысында инвестициялық жобалардың санын арттыру және жаңа өндіріс орындарын ашу мақсатында Өндірістік парк құрылысы жүргізілуде. Жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын паркте 152 ғимарат салу жоспарланған. Жоба толық іске асқан жағдайда 308 млрд теңге жеке инвестиция тартылып, 27 млрд теңгенің импорттық тауары алмастырылады. Сондай-ақ бюджеттен бөлінген әрбір 1 теңгеге 8,5 теңге жеке инвестиция тарту көзделген. Нәтижесінде 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Өндірістік парк құрылысы екі кезеңмен жүзеге асырылуда. Бірінші кезең аясында 40 ғимараттың құрылысы аяқталып, бүгінде 32 жоба іске қосылған. Олардың қатарында жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін, ауыл шаруашылығы тракторларын, сэндвич-панельдерді, мектепке арналған, медициналық және кеңсе жиһаздарын, тоңазытқыштарды, ішкі есіктер мен дрондарды өндіретін кәсіпорындар бар.
Ал екінші кезеңде, 2026–2027 жылдары, 70 гектар аумақта 112 ғимарат салу жоспарланып отыр. Инженерлік инфрақұрылымы тартылған және құрылысы аяқталған өндірістік нысандар кәсіпкерлер арасында жоғары сұранысқа ие.
Бұдан кейін делегация мүшелері «Түркістан» шағын өндірістік паркінің жұмысымен танысты.
Сондай-ақ қонақтар индустриялық аймақ пен «TURAN» арнайы экономикалық аймағында болып, ондағы кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерін көрді. Атап айтқанда, ағаш пен ламинат өндіретін «Qaz Natural Laminat» ЖШС-нің, мақта-тоқыма кластерін дамытып отырған «Түркістан Текстиль» кәсіпорнының, полиэтилен пакеттері мен бір реттік пластик ыдыстар шығаратын «ER-QAN GROUP» ЖШС-нің қызметімен танысты.
«TURAN» арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы 3 603,3 гектарды құрайды. Ол 10 қосалқы аймақтан тұрады. Бүгінде АЭА-ның инвестициялық портфеліне жалпы құны 1,24 трлн теңгені құрайтын 203 жоба енгізілген. Оның ішінде 1,18 трлн теңгеге бағаланған 129 жобаның құрылысы жүргізілуде. Аталған жобалар аясында 14 344 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Арнайы экономикалық аймақ аумағында «BASPOLYMER» ЖШС, «QazEcoPack» ЖШС, «PSI Mineral Technologies» ЖШС, «Многопрофильный Кентауский Завод» ЖШС, «Silk Way International» ЖШС, «NAURYZ INVEST» ЖШС, «Түркістан Тоқыма» ЖШС, «Кентауский трансформаторный завод» ЖШС, «Orzax Central Asia» ЖШС, «BEREKE PLASTIC», «PulpStyle» ЖШС, «ПГУ Туркестан» ЖШС, «Мақтаарал Xing Feng мақта зауыты» ЖШС, «Diamond Steel Co Ltd» ЖШС, «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС, «UBC JSQ» ЖШС, «Eurasian Packing Materials» ЖШС, «ElectroCore» ЖШС, «Platinum Industry» ЖШС, «КАЗ ПРО ТЕМИР» ЖШС, «YASSY ENERGY» ЖШС, «GOLD FISH FEED» ЖШС және «KZ Unicol» ЖШС секілді кәсіпорындар жұмыс істейді.
Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймақ аумағында жалпы құны 64,16 млрд теңгені құрайтын 74 жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар жалпы сомасы 336,24 млрд теңгені құрайтын 82 жоба іске асырылған. Алдағы уақытта 46,5 млрд теңгеге 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 32 әлеуетті инвестициялық жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Іс-шара барысында делегация өкілдері Түркістан облысының өндірістік және инвестициялық әлеуетіне жоғары қызығушылық танытып, өңірде қалыптасқан кәсіпкерлік инфрақұрылым мен инвесторларға ұсынылып отырған мүмкіндіктерді зерделеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі