Атырау облысы Білім беру басқармасының қолдауымен Атырау қаласында әкелер мен жасөспірімдерге арналған «СЕРПІН» тұлғалық даму лагері ұйымдастырылды. Жобаның негізгі мақсаты – ерекше педагогикалық назар мен қолдауды қажет ететін жасөспірімдердің тұлғалық дамуына ықпал ету, олардың өмірлік құндылықтарын қалыптастыру, болашағына жауапкершілікпен қарауға ынталандыру және әке мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайту болды. Екі күндік лагерьге Атырау қаласы мен облыстың жеті ауданынан педагогикалық сүйемелдеу есебіне алынған 14–16 жас аралығындағы 60 жасөспірім, олардың әкелері және 6 ментор-әке қатысты.
Іс-шара аясында жалпы саны 100-ден астам қатысушы қамтылды. Лагерьдің басты ерекшелігі – жасөспірімдердің мінез-құлқы мен өмірлік көзқарасын оң бағытта қалыптастырудағы отбасылық тәрбиенің, әсіресе әкенің рөлін арттыруға басымдық берілуі болды. Бағдарлама жасөспірімдер мен әкелердің бірлескен іс-әрекетіне, өзара сеніміне және ашық қарым-қатынасына негізделді. Қатысушылар командалық ойындарға, тимбилдингтерге, мотивациялық кездесулерге, психологиялық тренингтерге және еркін пікір алмасу алаңдарына қатысты. Лагерь барысында арнайы шақырылған спикерлер қатысушылармен тәжірибелерімен бөлісіп, мазмұнды кездесулер өткізді.
Мотиватор, «ТАҢҒЫ БЕРЕКЕ» амбассадоры Алпамыс Жарылқасынов жасөспірімдерге арналған «Жаңа өмірге жаңа қадам» тақырыбында мотивациялық кездесу өткізді. Кездесу барысында өмірлік мақсат қою, қиындықтарды еңсеру және өз болашағына жауапкершілікпен қарау мәселелері талқыланды. Психолог-психотерапевт, PhD докторант, Республикалық Аналар кеңесінің мүшесі Серікгүл Сали әкелерге арналған «Жауапты әке – жарқын болашақ» тақырыбында тренинг жүргізді. Тренингте жасөспіріммен сенімді диалог орнату, отбасындағы түсініспеушіліктерді шешу және ата-аналық жауапкершілікті арттыру жолдары қарастырылды.
Ал, әлеуметтанушы, «TALAP» әдеби-мәдени клубының жетекшісі Әлімгерей Жанұзақ «P4C – балалармен философия» әдісі негізінде фасилитациялық кездесу өткізді. Кездесу барысында жасөспірімдер сыни ойлау, өз іс-әрекетінің салдарын бағалау және саналы шешім қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталған тапсырмаларға қатысты. Лагерь жұмысына кәсіби тәлімгерлер, психологтар, медицина қызметкерлері және ерікті ментор-әкелер тартылды. Қатысушылар шағын топтарға бөлініп, әр жасөспірімге жеке көңіл бөлуге және қолайлы психологиялық орта қалыптастыруға мүмкіндік жасалды.
Жоба аясында ментор-әкелердің рөліне де ерекше мән берілді. Олар жасөспірімдермен өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, сенімді қарым-қатынас орнатуға, дұрыс бағыт таңдауға және жеке жауапкершілікті сезінуге қолдау көрсетті. «СЕРПІН» лагерінің маңызды бағыттарының бірі қатысушыларға іс-шарадан кейін де педагогикалық-психологиялық қолдау көрсету қажеттіліктерін анықтау болды. Осы мақсатта лагерь қорытындысы бойынша жасөспірімдер мен ата-аналардың жеке даму қажеттіліктері зерделеніп, алдағы сүйемелдеу жұмыстарына арналған ұсынымдар әзірленді. Аталған жоба жасөспірімдердің өзіне деген сенімін нығайтуға, отбасылық байланысты күшейтуге, әкелердің бала тәрбиесіне белсенді қатысуына және өскелең ұрпақтың қоғамдағы өз орнын табуына бағытталған маңызды бастама.