Павлодарда полицейлер жолдардың қысқы маусымға дайындығын тексерді.
Павлодар қаласында автомобиль жолдарын күтіп-ұстаумен айналысатын мердігер ұйымдардың қысқы кезеңге дайындығы тексерілді.
Тексеру барысында арнайы қар тазалау техникасының жай-күйіне, тұз, құм және көктайғаққа қарсы материалдар қорының жеткіліктілігіне назар аударылды. Сондай-ақ материалдарды сақтауға және тиеуге арналған құралдардың болуы, жүргізушілер мен жұмысшыларға арналған демалыс және жылыту орындарының жабдықталуы, кезекшілікті ұйымдастыру мен жол жағдайы туралы жедел ақпараттандыру жүйесінің жұмысы қаралды.
Тексеру қорытындысы бойынша мердігер ұйымдардың қысқы маусымға дайындығына қатысты тиісті актілер жасалды.
Павлодар қаласы полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Абылайхан Алпысбайдың айтуынша, негізгі мақсат – қысқы кезеңде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қолайсыз ауа райы жағдайында автомобиль жолдарының үздіксіз әрі қауіпсіз пайдаланылуына жағдай жасау.