Қазақстанда этнотуризм дамып, ұлттық қолөнер туристер үшін жаңа мәдени тәжірибеге айналып келеді. Бұл бағыт халқымыздың дәстүрін дәріптеумен қатар, жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға және өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Соның жарқын мысалы – Шымкенттегі Бейсбековтер әулеті негізін қалаған «Алтын Орда» көркем галереясы. Суретші Болатбек Бейсбеков жұбайы мен балаларын ортақ өнерге біріктіріп, ұлттық қолөнерді отбасылық кәсіпке айналдырған.
Отбасы бірнеше жыл бойы өз қаражатына жалпы аумағы 700 шаршы метр болатын мәдени орталық салған. Бүгінде мұнда көрме залдары, қолөнер шеберханалары, ұлттық киім дизайны бөлімі, конференц-зал және кәдесый дүкені орналасқан.
Бейсбековтер әулетінің сегіз мүшесі шығармашылықпен айналысады. Олардың жетеуі Қазақстан Суретшілер одағының, бесеуі Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі. Шеберлер кілем тоқып, жүн мен теріден бұйымдар, ұлттық киімдер мен ерекше кәдесыйлар әзірлейді.
«Алтын Орда» бүгінде тек көрме алаңы емес, туристер ұлттық өнерді жақыннан танып-білетін мәдени орталыққа айналған. Мұнда келушілер қолөнер бұйымдарының жасалу процесін тамашалап, шеберлік сабақтарына қатысып, өздеріне ұнаған туындыларды сатып ала алады.
Сонымен қатар, отбасы Шымкенттегі Этноауыл аумағында да өз өнерін таныстырып, қала тұрғындары мен туристерге шеберлік сабақтарын өткізеді.
Осындай отбасылық бастамалар этнотуризмнің дамуына серпін беріп, ұлттық мұраны сақтауға, қолөнершілердің табысын арттыруға және жаңа туристік өнімдерді қалыптастыруға ықпал етеді. Бейсбековтер әулетінің тәжірибесі дәстүрлі өнердің туристерді тартатын әрі экономикалық маңызы бар бағытқа айнала алатынын көрсетеді.