Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілікті, кәсіби біліктілікті және өз ісіне деген адалдықты талап ететін маңызды сала. Халықтың мүддесін қорғау, заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және қоғам игілігі жолында еңбек ету – мемлекеттік қызметшінің басты міндеті. Бұл жолда білім мен тәжірибені ұштастырып, әрбір іске жауапкершілікпен қарау кәсіби ұстанымның айқын көрінісі болып табылады.
Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген мамандардың бірі – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Сағнадинова Айжан Бақытжанқызы.
Айжан Бақытжанқызы Қызылорда облысы, Арал қаласында дүниеге келген. 2014–2018 жылдары С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде жоғары білім алып, 2018–2019 жылдары «Фармация» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдап, «Денсаулық сақтау магистрі» дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2019 жылы «Болашақ жоғары медициналық колледжінде» оқытушылық қызметтен бастаған. Сол жылы Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасына қарасты «№3 қалалық емханасы» ШЖҚ КМК-нда фармацевт қызметін атқарып, фармацевтикалық қызмет саласында тәжірибе жинақтады.
2021 жылғы 29 қарашадан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде бас маман қызметіне қабылданып, мемлекеттік қызмет жолын бастады. 2024 жылғы қыркүйектен бастап Фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің басшысы лауазымында қызмет атқарды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Бақылау және қадағалау бөлімін басқарып келеді.
Мемлекеттік қызметтегі бес жылға жуық еңбек өтілі ішінде Айжан Бақытжанқызы фармацевтикалық қызмет саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласындағы бақылау және қадағалау жұмыстарын ұйымдастыру бағытында еңбек етіп келеді.
Мемлекеттік қызметші үшін ең басты құндылық – халық сенімін ақтау. Осы бағытта Айжан Бақытжанқызы өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, фармацевтикалық бақылау және қадағалау саласының дамуына, халық денсаулығын қорғау ісіне өз үлесін қосып келеді.
Еңбек жолындағы табандылығы мен кәсіби ізденісі алдағы уақытта да жаңа жетістіктерге жол ашарына сенім білдіреміз! Айжан Бақытжанқызына мемлекеттік қызметтегі еңбегіне табыс, кәсіби қызметіне толағай жетістіктер, отбасына амандық, шаңырағына шаттық пен береке тілейміз!