Конституциялық Сотқа Қылмыстық-процестік кодекстің жекелеген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау мүмкіндігін шектейтін 484-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан тексеру туралы өтініш келіп түсті.
Өтініш беруге апелляциялық сатыдағы соттың арыз иесіне жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстырудан бас тартуы негіз болды. Бұған дейін бірінші сатыдағы сот сотталған адамның өтінішхатын қанағаттандырған, алайда апелляциялық саты бұл шешімнің күшін жойған.
Өтініш берушінің пікірінше, мұндай сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау мүмкіндігінің болмауы оның сот арқылы қорғалу, жеке бас бостандығы, сондай-ақ заң мен сот алдындағы теңдікке қатысты конституциялық құқықтарын бұзады.
Конституция әркімнің сот арқылы қорғалу құқығына кепілдік беретінін, алайда сот сатыларының санын және сот актілерін қайта қарау тәртібін белгілемейтінін Конституциялық Сот атап өтті. Бұл мәселелер процестік заңнамамен реттеледі.
Сот арқылы қорғалу ісі бірінші сатыдағы сотта қаралып, оны апелляциялық тәртіппен қайта қарау мүмкіндігі арқылы қамтамасыз етілетінін Конституциялық Сот түсіндірді. Ал заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау сот төрелігінің қосымша кепілдігі болып табылады. Оны іске асырудың негіздері мен тәртібін заң шығарушы айқындайды.
Сонымен қатар Конституциялық Сот дау айтылып отырған норманы соттар өтініш берушінің ісін қарау кезінде қолданбағанын анықтады. Азаматтың Конституциялық Сотқа жүгінуінің жол берілетіндігін айқындайтын міндетті шарттардың бірі – дау айтылып отырған құқық нормасының нақты іс бойынша мемлекеттік органдар мен соттардың шешімдерінде қолданылуы.
Аталған шарттың сақталмауына байланысты Конституциялық Сот өтінішті конституциялық іс жүргізуге қабылдаудан бас тартты.
Конституциялық Сот: кассациялық тәртіппен қайта қарау – сот арқылы қорғалудың қосымша кепілдігі
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1322050?lang=kk