НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы, тұрғындарды толғандырған мәселелер және алдағы міндеттер талқыланды.

Кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауына тоқталып, онда белгіленген басым бағыттарды өңірде сапалы жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Жолдауда экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру және реформаларды нақты нәтижелермен жалғастыру міндеттерін айқындады. Бүгінгі кездесу осы бағыттағы жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерді айқындауға және сіздердің мәселелеріңізді ашық талқылауға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, – деді Нұралхан Көшеров.

2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Жетісай ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 192,7 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 111,7 пайызды құраған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 9,2 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 4,8 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 37,7 млрд теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 19,3 млрд теңгені құрап, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 20,8 мың шаршы метрге жетті. Ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 91,7 млрд теңгені құрады.

Аудан 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері негізінде 2-орынды иеленген. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 4-орынға тұрақтаған.

Білім беру саласында өткен жылы «Келешек мектептері» жобасы аясында Ақниет елді мекенінде 600 орындық мектеп, ал биыл Жетісай қаласында 1500 орындық мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар Жылы су елді мекенінде 150 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ашылды.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту нәтижесінде биыл 3 елді мекен табиғи газға қосылды. Осылайша, аудандағы 105 елді мекеннің 93-і табиғи газбен қамтылған. Бұл аудан тұрғындарының 98,4 пайызын құрайды.

Ауыз сумен қамту бағытында өткен жылы 4 елді мекенде 73 шақырым су құбыры жаңартылды. Биыл 5 елді мекенде 30 шақырым ауыз су құбырын, 3 су мұнарасы мен 1 су резервуарын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Тұрғын үй саласында өткен жылы 84 пәтерлі арендалық тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал 2026 жылдың соңына дейін кезекте тұрған азаматтарға 64 пәтер табыстау жоспарланған.

Денсаулық сақтау саласында өткен жылы 7 медициналық нысан пайдалануға берілді. Биыл Ақниет және Абай елді мекендерінде тағы 2 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, Асықата кентіндегі аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізіліп, жыл соңында пайдалануға беріледі.

Облыс әкімі ауданның даму қарқынын сақтап, экономикалық көрсеткіштерді одан әрі жақсарту қажеттігін атап өтті. Аудан басшылығына инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тазалық пен абаттандыру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу керектігін ескертті.

Кездесуде 2025 жылы тұрғындармен өткен кездесуде көтерілген мәселелердің орындалу барысы да қаралды. Былтыр тұрғындар тарапынан 7 мәселе көтеріліп, оның 5-еуі шешімін тапқан. Қалған 2 мәселе бойынша жұмыстар жалғасуда.

Бұдан кейін аудан әкімі Серік Мамытов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Олардың сауалдарына жауап беріліп, көтерілген мәселелер бақылауға алынды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-shauildir/press/news/details/1322048?lang=kk