Тель-Авивте «New Economy. New Opportunities» атты Қазақстан-Израиль бизнес-форумы өтті. Оған Израильдің 100-ден астам компаниясының, мемлекеттік органдары мен салалық ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан бизнесі мен даму институттарының өкілдері қатысты. Қатысушылар инвестициялық мүмкіндіктерді және энергетика, су шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Қазақстан делегациясын Премьер-Министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бастап барды. Форумның ашылуына Израиль Қаржы министрлігінің министрі Зеэв Элькин, Израиль Сыртқы істер министрлігі бас директорының орынбасары Яэль Равия-Цадок, Израиль экспорт институтының бас директоры Нили Шалев, Израиль инновациялар басқармасы вице-президенті Шломи Кофман және Израиль Өнеркәсіпшілер қауымдастығының президенті Авраам Новогроцки қатысты.
Өз сөзінде Жаслан Мәдиев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан экономикасын әртараптандыру және цифрлық трансформациялау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Ол технологияларды қолдану кәсіпорындардың өнімділігін арттыруға және экономика салаларындағы нақты міндеттерді шешуге ықпал етуі керектігін атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – жасанды интеллект саласындағы қызметтерді экспорттау және сонымен қатар отандық бизнеске әлемдік нарықтарда бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік беретін құралдарды ұсыну», – деді Жаслан Мәдиев.
Отандық технологиялық саланы дамытуға да ерекше назар аударылды. 2025 жылы Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1,1 млрд доллардан асты, ал Astana Hub 2,5 мыңнан астам компанияны біріктіреді. Қазақстан есептеу инфрақұрылымын дамытуды, мамандар даярлауды және жасанды интеллект негізіндегі қолданбалы шешімдерді енгізуді жалғастыруда. Data Center Valley жобасы қуаттылықты кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін арттыруды көздейді.
Іскерлік бағдарлама аясында қазақстандық компаниялардың, мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдері энергетика, маңызды минералдарды өңдеу, көлік және цифрлық инфрақұрылым салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктерді таныстырды. Сондай-ақ нақты секторда жасанды интеллектті қолдану, стартаптар экожүйесін, электрондық үкіметті, ғарыштық технологиялар мен Alatau City қаласын қоса алғанда, ақылды қалаларды дамыту жобалары қаралды.
KAZAKH INVEST, «Самұрық-Қазына», «Қазақтелеком», Astana Hub, «Ұлттық ақпараттық технологиялар», «Қазақстан Ғарыш Сапары», Q.AI, АХҚО, Alem Capital және басқа да ұйымдардың өкілдері таныстырылым жасады. Қатысушыларға Қазақстанда инвесторларды қолдау және бизнес жүргізу тетіктері де таныстырылды.
Ынтымақтастықтың практикалық бағыттары қатарында су ресурстарын басқару, суару тиімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сондай-ақ өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларына цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері белгіленді.
Форум аясында денсаулық сақтау, цифрландыру, ақпараттық қауіпсіздік, сумен жабдықтау және сауда салаларындағы жеті меморандуммен алмасу рәсімі өтті.
Shoval Vantage Group пен KAZAKH INVEST арасындағы құжат Қазақстанда медициналық кластерлік орталық құру мәселесін қамтиды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Terra-A Gaia AG арасындағы меморандум цифрлық активтер, жасанды интеллектіні қолдану арқылы басқару, цифрлық инфрақұрылым және құзыреттер орталығын құру бағыттарындағы ынтымақтастықты айқындайды.
Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы мен CYBERPRO AI ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум алмасты. QazTrade пен Израильдің Экспорт және халықаралық ынтымақтастық институты арасындағы құжат QazTrade-тің Израильдегі қызметін ілгерілетуге және іскерлік байланыстарды дамытуға бағытталған.
«Самұрық-Қазына Инвест» пен Watergen арасындағы меморандум атмосфералық ауадан ауыз су алу технологиясын Қазақстанда оқшаулау мүмкіндіктерін зерделеуді көздейді.
Абай облысының әкімдігі Mekorot Development & Enterprises компаниясымен су шаруашылығы мәселелері бойынша, ал Auxbridge компаниясымен өңірдің цифрлық трансформациясы және цифрлық технологияларды қолдану бағыттары бойынша меморандумдар алмасты.
Қазақстан тарапы іскерлік байланыстарды дамытуға және компаниялардың ұсыныстарын Үкіметаралық комиссияның қолданыстағы тетіктері арқылы одан әрі пысықтауға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.