Ақтау қаласының әкімі балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті

Ақтау қаласының әкімі балалар үйінің тәрбиеленушілерімен кездесті

Бүгін, 1 қараша күні Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш бірқатар кәсіпкерлермен бірге облыстық мамандандырылған балалар үйі мен отбасылық үлгідегі балалар ауылына барып, мекеме тәрбиеленушілерімен кездесті.

Кездесу барысында Мақсат Мұқаш мекемелердің материалдық-техникалық және балаларға жасалған тұрмыстық жағдайлармен танысты. Қала әкімі кәсіпкерлерге балалар мекемелеріне қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтіп, әлеуметтік жауапкершілік аясында қайырымдылық көмек көрсетуге шақырды.

Сонымен қатар қала әкімі балалардың жан-жақты дамуына, олардың қабілеттерін ашуға және қажетті қолдау көрсетуге ерекше назар аудару керектігін атап өтті. Алдағы уақытта да мекемелерге арнайы келіп, тәрбиеленушілердің жағдайымен танысып, қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Кездесуде балаларға сыйлықтар табысталды. Қала басшысы мұндай мекемелердің тыныс-тіршілігіне тұрақты назар аударып, тәрбиеленушілердің жан-жақты дамуына және қолайлы ортада өсуіне жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.

– Балалардың барлығы – біздің болашағымыз. Олардың ертеңіне зор үмітпен қараймыз. Әрқайсысы қанатын қатайтып, үлкен өмірге қадам басқанша жанынан табылып, қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді қала әкімі Мақсат Мұқаш.

Айта кетейік, облыстық мамандандырылған балалар үйінде туғаннан бастап үш жасқа дейінгі дені сау балалар, ал төрт жасқа дейін туа біткен ақауы бар бөбектер тәрбиеленеді. Мекеме 50 орынға арналған. Оның 25-і балалар үйінің, қалған 25-і ерте оңалту орталығы «Ақ Қанаттың» тәрбиеленушілері. Орталықта төрт жасқа дейінгі, соның ішінде тіл дамуының ерекшеліктері бар балаларға көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда мекемеде 58 қызметкер еңбек етіп, 45 балаға күтім көрсетуде. Оның 20-сы мекемеде тұрақты тұратын болса, 25 бала күндізгі режимде тәрбиеленеді.

Ал облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылында 43 қызметкер 43 тәрбиеленушіге қамқорлық көрсетеді. Мұнда үш жастан 18 жасқа дейінгі балалар отбасылық ортаға жақын жағдайда тәрбиеленеді.

Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1322016?lang=kk