Бүгін, 31 қазан күні Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш қала аумағында жүргізіліп жатқан жол жөндеу және абаттандыру жұмыстарын тексерді.
Қала әкімі жұмыс сапары барысында 31А, 31Б, 32А, 32Б шағын аудандарының қиылысына дейінгі автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Жалпы ұзындығы 2,56 шақырымды құрайтын учаскеде жол жиектері жаңартылып, «ЩМА-20» асфальт жабыны төселді. Қазіргі таңда жұмыстардың 95 пайызы орындалған.
Сонымен қатар шаһар басшысы 37-шағын ауданда орналасқан ұзындығы 1 шақырымға жуық орталық жолды ашу жөнінде тапсырма берді.
– Жолдағы барлық кедергілерді алып тастап, аумақты тазалаңыздар. Жол жиектастарын ақтап, тротуарларды ашып, жарықтандыру жүйесін іске қосып, ертеңнен бастап көлік қозғалысына жол беріңіздер. Жолға қатысты құжаттарды кезең-кезеңімен реттей бересіздер. Алдымызда жауын-шашынды, қарлы кезең келе жатыр. Қолайлы ауа райын тиімді пайдаланып, атқарылған жұмыстардың сапасына мән беру қажет. Ең бастысы – тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, – деді қала әкімі Мақсат Мұқаш.
Сондай-ақ қала әкімі 34А, 35, 32Б, 32А шағын аудандарының қиылысынан 19А, 19, 18, 20 шағын аудандарының қиылысына дейінгі ұзындығы 2,145 шақырымды құрайтын жол учаскесіндегі жөндеу жұмыстарын тексерді. Қазіргі уақытта аталған аумақта жол жиектастарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жалпы екі бағыт бойынша 3 шақырымға жуық жол жиегіне жиектастар төселген.
Бұдан бөлек, 4А шағын ауданындағы «Ақбота» саябағы маңындағы қиылыстан 1-шағын аудандағы «Рахат» қонақ үйі қиылысына дейінгі №5 автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстары қаралды. Ұзындығы 1,7 шақырым болатын учаскедегі жұмыстар 95 пайызға аяқталған. Қазіргі уақытта жол таңбаларын салу және жол белгілерін орнату жұмыстары қалды.
Сонымен қатар 39 және 40-шағын аудандар арасындағы №27 автомобиль жолының құрылыс жұмыстары да назарға алынды. Ұзындығы 971 метрді құрайтын алты жолақты учаскеге асфальтбетон жабынының бірінші қабаты төселген. Құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Ақтауда 37-шағын аудандағы орталық жол ашылады
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1322008?lang=kk