Алматы облысының прокуратурасы мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мақсатында жұмыс орындарын құру бойынша қолданыстағы тәжірибені зерделеді.
Әлеуметтік кодекстің 107-бабы 2-тармағына сәйкес, жұмыскерлерінің тізімдік саны 50 адамнан асатын жұмыс берушілер үшін мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған жұмыс орындарының квотасы 2%-дан 4%-ға дейін белгіленеді.
Алматы облысында мұндай ұйымдардың саны 471-ді құрайды. Осыған сәйкес, квота бойынша кемінде 963 жұмыс орны көзделуге тиіс.
Алайда 2026 жылға мүгедектігі бар 97 адамды ғана жұмысқа орналастыруға арналған квота 55 ұйым бойынша бекітілген.
Осылайша, мүгедектігі бар көптеген адамның бекітілген квота шеңберінде жұмысқа орналасу мүмкіндігі шектелген.
Алматы облысы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша заң бұзушылықтар жойылып, кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды.
Қабылданған шаралар мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік кепілдіктердің іске асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған.