Өскеменде Сәтбаев даңғылындағы жаңа жолайрықта көлік қозғалысы ашылды

Өскеменде Сәтбаев даңғылындағы жаңа жолайрықта көлік қозғалысы ашылды

ШҚО орталығында көптен күткен жолайрықтың бір бөлігі көлік қозғалысы үшін ашылды. Тұрғындардың өтініштері мен мектептерде екінші оқу тоқсанының басталуын ескере отырып, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бүгін жолайрықтың Қаныш Сәтбаев даңғылына қарай бағытталған бөлігінде техникалық қозғалысты ашуды тапсырды.

Сәтбаев, Есенберлин даңғылдары мен Базовая, Жібек жолы көшелерінің қиылысында орналасқан жаңа жолайрық қаланың көлік көп жүретін учаскесіндегі жүктемені азайтып, тұрғындардың күнделікті қатынау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Көлік қозғалысы құрылыс жұмыстарының дайын болуына қарай кезең-кезеңімен ашылады. Қозғалысқа берілген бөлікте қажетті жол белгілері орнатылып, жолдың бөлу жолағына қосымша бағыттаушы бағандар қойылды. Бұл учаскеде көлік жылдамдығы сағатына 40 шақырыммен шектелген.

Бірнеше күн бұрын ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жолайрықтың жай-күйімен және аяқталып жатқан құрылыс жұмыстарымен танысқан болатын. Қазіргі уақытта жол төсеміне деформациялық жіктерді орнату және нөсер кәрізі жүйесін жабдықтау жұмыстары қалған. Бұл элементтер құрылымның температура ауытқуларына төзімділігін қамтамасыз етіп, жаңбыр және еріген қар суын уақтылы бұруға мүмкіндік береді.

Деформациялық жіктер 8 қарашада жеткізіледі деп күтілуде. Оларды орнату жұмыстары эстакаданың әр бөлігінде кезекпен жүргізіліп, көлік қозғалысы толық тоқтатылмайды. Жұмыс барысында автокөліктер уақытша қозғалыс сызбасына сәйкес бағытталады.

Ауа райы қолайлы болса, жолайрықтың Есенберлин даңғылына қарай бағытталған екінші бөлігінде техникалық қозғалысты қараша айының соңына дейін ашу жоспарланып отыр. Ал деформациялық жіктерді орнату жұмыстарын толық аяқтап, екі бағытта да тұрақты көлік қозғалысын желтоқсан айының басында іске қосу көзделген.

Осы ретте, жүргізушілерден жылдамдық шектеуін сақтап, жол белгілері мен уақытша қозғалыс сызбасын басшылыққа алу сұралады.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

 

 

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1321972?lang=kk